Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Бельгия Қазақстанмен байланысын нығайтуға ниетті

Корольдерді тамсандырған Астана. Бельгия монархының бас шаһарға мейман болуы мегаполисіміздің мәртебесін бір көтеріп тастады. Ақсүйектер әулетінің Ақорда терезесінен тысқа үңіліп, Бәйтерек пен оның маңындағы зәулім ғимараттарға тамсана қараған суреті талайдың көзіне жылы көрінгені рас. Король Филипп пен Матильда патшайымның біздің жеріміздегі миссиясы мен төрт күндік сапары қалай өтті?

Осы апта еліміз үшін маңызды саяси оқиғаларға толы болды. Соның бірі, сөзсіз, Бельгия монархының Қазақстанға сапары. Король Филипп пен Матильда патшайым қазақ топырағына өткен жексенбі күні кешкісін табан тіреді. Мәртебелі меймандардың борты ел аумағына енгеннен бастап, еуропалық делегацияға Қарулы күштердің ұшақтары қапталдаса ұшып, ерекше құрмет көрсетті. Ал қонақтарды қарсы алуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы барды.

Бельгиялықтардың өзінің жергілікті әуе компаниялары жеткілікті. Тіпті кәрі құрлықта да жолаушы тасымалдайтын лоукостерлер баршылық. Бірақ монарх Астанаға бару үшін қазақстандық әуе компаниясының ұшағын жалға алған. Король Филипп осылайша елімізге ерекше ілтипат білдіріпті.

66 жастағы еуропалық монарх лауазымының ресми атауы – бельгиялықтар королі. Бельгия королі деп айтылмайды. Мұндай титул 1831 жылы пайда болған. Бұл тақта отырған тұлғаның халқына етене жақын болуы үшін жасалған екен. Ал Филипп мырза бұған дейін Қазақстанға 3 рет келген. Алғаш 2002 жылы тақ мұрагері болып тұрған уақытта дархан даламыздан ғарышкер отандасы Франк де Виннді күтіп алып, 7 жылдан соң Байқоңыр айлағынан ғарышқа екінші рет аттандырыпты. Жуырда ғана жөндеуден өткен Ақорданың кіреберісінде мәртебелі меймандарды Мемлекет басшысы қарсы алды. Олар резиденцияға бірден беттеген жоқ. Аз ғана аялдап, алдымен қос елдің байрағын алып ұшқан әуе көліктерінің арнайы шоуын тамашалады. Тек осыдан кейін ғана шетелдік қонақтар ішке қарай енді. Ал Бельгиядан Астанаға 110 адамнан тұратын делегация келді. Қос тарап ресми шаралардан соң бірден екіжақты келіссөздерге кірісті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы көпжақты серіктестікті күшейтуге бейіл екенімізді растадық. Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді.

Иә, Бельгия корольдігі 2005 жылдан бері ел экономикасына 15 млрд доллардан астам қаржы құйыпты. Осы көрсеткіш бойынша Еуропадағы шағын мемлекет үздік 10 инвестордың қатарына кіреді. Ал бұл король Филипптің Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияға алғашқы мемлекеттік сапары екен. Қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасына келер жылы 35 жыл толады. Десе де, байланыс тек саяси диалогпен шектелмейді. Соңғы 10 жылда тауар айналымы 3 есе өскен. Былтырдың өзінде алыс-беріс 582 млн доллардан асып жығылды.

ФИЛИПП ЛЕОПОЛЬД ЛЮДВИГ МАРИЯ, БЕЛЬГИЯЛЫҚТАР КОРОЛІ:

Астана мен Алматының көрікті жерлері мен музейлерін аралап, Алтын Орда дәуірінен тамыр тартатын тарихпен тіл қатысуға асықпын. Бельгия делегациясымен бірге Абай шығармаларында айрықша суреттелген, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін паш ететін табиғи және мәдени қазынамен танысуға құштармыз. Қазақ елі қонақжайлығымен мәшһүр. Елдеріңіз қоғамның ынтымақ-бірлігін өз ішінде ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде нығайтуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Осы бағытта Қазақстан әрдайым маңызды рөл атқарады.

Бельгиялықтардың королі өзімен бірге министрлерді ғана емес, түрлі компания өкілдерін және білім саласының мамандарын да ерте келген. Демек, қос ел арасындағы байланыс тек экономикалық тұрғыдан шектелмей, ғылым мен технология салаларын да қамтиды. Мәселен, мәртебелі меймандардың арасында 11 университеттің ректорлары да бар. Бұл саладағы бірлескен жобалар да жеткілікті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қос елдің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға ниетті екенімізді растадық. Джеймс Энсордың танымал туындыларын Қазақстанның Ұлттық музейінде таныстырған бельгиялық серіктестерімізге алғысым шексіз.

Айта кету керек, еуропалық монархтар тәуелсіз Қазақстанға бұған дейін де ат басын бұрған. Мәселен, 2017 жылы Испания королі Астанадағы ЭКСПО көрмесін тамашалап қайтқаны бар. Бірақ ел басқарып отырған Кәрі құрлық королі елімізге мемлекеттік сапармен алғаш рет табан тіреді. Ал Ақордадағы кездесуде қос тарап жалпы саны 40 маңызды құжатқа қол қойды. Оның 20-дан астамы жоғары білім мен ғылым саласына арналған.

АМАН МАМБЕТАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Дәл қазір дүниежүзіндегі геосаяси факторларға байланысты өте көп өзгеріс процестері жүріп жатыр. Экономика жағынан, ресурстық база жағынан да. Әрине, логистикалық дәліздерде де өтіп жатқанын өзіміз көріп отырмыз. Еуропалық одақ, оның ішінде Бельгия жаңа жолдарды, жаңа маршруттарды, жаңа серіктестерді белсенді іздеп жатыр. Бұл бізге де пайдалы.

Бельгиялық компаниялар елімізде ірі дата орталықтарын салуға ниетті. Жаңартылатын энергия көздері мен жасыл сутегі өндірісі де әлеуеті зор сала. Ал көлік-логистика бағытында Қазақстан үшін Антверпен портының маңызы ерекше. Бұл кәрі құрлықтағы ірі теңіз порттарының бірі. Ол арқылы отандық металдар мен ауыл шаруашылық өнімдерін Еуропаға жеткізуге мүмкіндік бар.

САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Бельгиядағы жаңа инновациялық жобалар, энергетикалық жобалар, транспорттық жобалар. Логистикалық жобаларды біздің Қазақстанның мүмкіндігімен үйлестіру. Мәселен, біз білеміз, Құрық пен Ақтау портына үлкен инвестиция алып жатырмыз ғой. Бакуге шығу үшін. Кавказ арқылы Еуропаға шығу үшін. Ал мұндай тәжірибе Бельгияның Антверпен деген портында өте үлкен. Ол жерде цифрландыру, бүгінгі күнде ЖИ, инновациялық жолдармен жүкті қалай тезірек өткізу мәселелері.

Қос тарап бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Мәселен, 1 қарашадан бастап қызметтік куәлігі бар азаматтар БеНиЛюкс елдеріне визасыз бара алады. Ал Батыс Еуропадағы бұл ірі саяси, экономикалық одаққа Бельгиядан бөлек Нидерланд пен Люксембург елдері мүше. Демек, Қазақстан тағы қосымша екі мемлекетпен келісімдерге оңай қол жеткізе алады деген сөз.

АМАН МАМБЕТАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұл тек Қазақстан мен Бельгияның қарым-қатынасы емес. Қазақстанның соңғы дипломатиялық саясаты бойынша Орталық Азия форматы алға жүргізіліп жатыр. Ал қарапайым азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Кәсіпкерлерді бірінші айтып тұрмын. Біздің экономикамыздың Еуропаға кіруі үшін шарттар бар. Оның ішінде стандарттық, заң түрінде де немесе бірнеше баж деген сияқты.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Ал Бельгия орталығы Брюссель корольдіктің ғана бас қаласы емес. Шаһарды тұтас Кәрі құрлықтың да астанасы деуге болады. Мәселен, мегаполисте Еуропа Үкіметінен бөлек бірнеше халықаралық ұйымның штаб-пәтерлері жайғасқан. Жер көлемі жағынан Бельгия біздің бір ғана Шығыс Қазақстан облысының аумағынан 3 есе кішкентай. Десе де, корольдіктің әлеуеті зор. Яғни еліміздің Бельгиямен серіктестігінің артқанын Еуропаға ашылған даңғыл жол деп қарастыруға болады.

← Барлық жаңалықтар