Мазмұнға өту
· 21 қаралым

Бейбіт күннің батырлары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құтқарушылар күніне орай азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Мемлекет басшысы сала мамандарына алғыс айтып, құтқарушы еңбегі — батылдық пен кәсібилікті ғана емес, елге жанашырлықты да талап ететінін атап өтті. Президенттің айтуынша, қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созу, қауіптен қорғап, қажет кезде жұбату сөзін айту — нағыз құтқарушыға тән қасиет. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігеді. Сондықтан халық құтқарушыларды бейбіт күннің батырлары деп атайды. Қазір еліміздің азаматтық қорғау саласында 27 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Жыл басынан бері олар 8 мыңға жуық адамды құтқарып, тағы 9 мың тұрғынды қауіпті аймақтардан эвакуациялаған. Елде жыл сайын 18 мыңнан астам табиғи және техногендік төтенше жағдай тіркеледі. Оның шамамен 12 мыңы — өрт.

← Барлық жаңалықтар