Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Бейбіт күннің батырлары

Елімізде бүгін Құтқарушылар күні. Жолда тұралағанға да, құздан құлағанға да, адасып жылағанға да құрақ ұша жүгіретін жандардың еңбегі еленді. Адам өмірінің арашасы атанғандардың бірсыпырасын Президент Ақордаға шақырып, арнайы награда берді. Қиын-қыстау сәтте өзгенің қасынан табылу да, жақсы іске жұмыла жабылу да осы мамандық иелеріне тән қасиет деген Мемлекет басшысы тағы не айтты?

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Олар ажалмен бетпе-бет келіп, адам өмірі үшін күреседі. Қызыл жалынның ортасына кіреді, асау судың ағысына қарсы жүреді. Өзгені құтқару үшін өз басын қатерге тігеді. Бүгін осы ерлік иелеріне мемлекет тарапынан құрмет көрсетілді. Өйткені бейбіт күннің де өз батырлары бар.

Құтқарушының қызметі тек төтенше жағдайға жедел жету емес. Президенттің айтуынша, біреуге қол ұшын беру, қиындыққа тап болған жанға демеу болу да — нағыз құтқарушының бойынан табылатын қасиет. Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға.

Қауіпті сәтте қабылданған шешім адамның тағдырын өзгертеді. Өрттен шығарылған тұрғын, тасқыннан аман қалған отбасы, дер кезінде көрсетілген көмек — құтқарушы еңбегінің нақты нәтижесі. Президент бұл қызметтің артында кәсібилікпен қатар жауапкершілік пен жанашырлық тұрғанын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды.

Құтқарушылар қауіпке бірінші болып кіреді. Бірақ жұмыстың ауырлығы тек тәуекелмен өлшенбейді: кей көріністер олардың жадында ұзақ сақталып, жан дүниесіне салмақ түсіреді. Мұндайда кәсіби міндетін атқара жүріп, өзін де ұстай білу керек. Дархан Бәдікенов құтқарушы еңбегінің ең ауыр тұстарын айтты.

ДАРХАН БӘДІКЕНОВ, ҚҰТҚАРУШЫ:

ТЖМ-де жұмыс істеймін. Жұмыс істегеніме 11 жылдай болды. Бүгін Президенттің алдына кіріп, «Ерлігі үшін» медалін алып жатырмыз. Қобалжып тұрмыз. Басында келгенде құтқарушы болдым. Одан кейін жай-жай тәжірибе жинап, бас құтқарушы болдым. Біздің шақыртуларымыздың бәрі сол ғой, өмір мен өлім арасында. Ең ауыры – кішкентай баланың мәйітін көру, сол есте қалып тұр. Көп ойламауға тырысамын. Моральдық-психологиялық тұрғыда өз-өзіңді ұстау керек.

Құтқарушылар қорқа ма?

ДАРХАН БӘДІКЕНОВ, ҚҰТҚАРУШЫ:

Әрине, қорқады.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Құтқарушылардың жұмысы көбіне ел көзінен таса өтеді. Ал олардың ерлігі адам өміріне қауіп төнген сәтте айқын көрінеді. Бір сәттік батыл шешім бүтін бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Сондықтан бұл мамандықтың басты өлшемі — атақ та, марапат та емес, аман қалған адам өмірі. Қырмызы Жандос, «Еуразия» бірінші арнасы.

← Барлық жаңалықтар