Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Екі адам газдан уланып қайтыс болды

Шымкентте бес адам газдан уланып қалды.

Көпқабатты үйдегі су жылытқыш қондырғыдан ақау шығып, пәтерлердің бірін көгілдір отын жайлаған. Түні бойы улы газды жұтқан екі бала оянбай кетті. Тірі қалғандар ауруханада жатыр.

Қос адамның өмірін жалмаған оқиға 19 қазан күні «Күншығыс» шағынауданындағы көпқабатты үйде болған. Газ қондырғысынан шыққан иістен уланған сәтте баспанада бес адам болыпты. Көршілерінің сөзінше, екі отбасы бірігіп пәтерді жалдап тұрған.

Нұрсұлу, Көршісі:

Газ колонкасы дұрыс орнатылмаған, ескі болған. Пәтер иесі басқа ұлт өкілі, ал бұлар жалға алушылар еді. Түтін шығатын құбырына байланысты көміртегі газынан уланған болуы мүмкін.

Газға уланған әйел бірнеше сағаттан кейін есін жинап, сол маңда тұратын туысына хабарласып, көмекке шақырған. Жақыны келгенде пәтердегілердің барлығы есеңгіреп, әр жерде жатқанын көріпті. Жуынатын бөлмеден 15 жастағы қыздың жансыз денесін тапқан. Ал 4 жасар бала ұйқы үстінде тіл тартпай кеткен.

Дильбар Сайдхожаева, Марқұмдардың туысы:

Кірсем, қызы ваннада жатыр. Денесі көгеріп кеткен, мұздай. Бірден кетіп қалғанын білдім. Басында газдан деп ойламадым. Ваннада жуынып шығып, аяғы тайып кетіп құлаған шығар деп ойладым. Баласы да уланып қалған. Төрт жасар қайтыс болған жиенімді көтеріп алып, диванға жатқыздым.

Тірі қалған екі адамды бірден ауруханаға апарып, жансақтау бөліміне жатқызған. 27 жастағы әйел бүгін палатаға шықты, ал оның үш жасар қызы әлі жансақтау бөлімінде. Қайтыс болған 4 жасар ұл бала да осы келіншектің перзенті еді.

Мадина Ермаханбетова, Қалалық оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері:

Дәрігерлердің шұғыл, толыққанды көмек көрсетуінің арқасында 1999 жылғы науқастың жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды. 2023 жылғы науқастың да жағдайы біршама жақсарғанымен, емін әлі де жансақтау бөлімінде жалғастырады.

Қайғылы жағдайдан кейін мамандар бұл үйдегі әрбір пәтерді тексеріп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, бұл үйлер су жылытқыш қондырғыны орнатуға арналмаған. Оқыс жағдайға тікелей осы себеп болуы мүмкін.

Нұрбек Рахманов, Өндірістік-техникалық бөлім бастығы:

Апаттық қызметтің қызметкерлері барып тексерген кезде ол жерде көміртегі газының ешқандай концентрациясы анықталған жоқ. Қазір уәкілетті органдар тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр, тек соның нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады. Бұл үй тек газ плитасына арналған, ал онда қосымша газ колонкасы орнатылған. Мұндай үйлер оған арналмаған.

Қазір иіс тиіп қайтыс болғандар бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның анық-қанығы тергеу амалдарынан кейін белгілі болмақ.

Ғалымжан Кенжебек

← Барлық жаңалықтар