Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Қаз-үйректі еркелетіп семіртуге болады екен

Жамбылдық зейнеткер жылы сөз айта берген соң, ауласындағы құстары кәдімгідей ет алып, жақсарып қалыпты.

Қаз-үйрегі де тоқтамай балапан басып, небәрі 40 қанаттысы 10 жылда 1 000 бастан асып кетті. Шағын қора ірі кәсіпке айналған. Айнагүл Ахмадбекованың жасы 60-қа таяса да, аттай шауып жүр. Күн ұзақ жүгіріп жүріп жем шашады, ара-тұра қаз-үйрегін еркелетеді.

Зейнеткер кәсіпті осыдан он жыл бұрын бастаған. Алғашында ауласында 40-қа жуық қаз, үйрек пен түйетауық асыраған. Кейін кәсібінен табыс таба бастаған соң, құс шаруашылығы кооперативін құрыпты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, қанаттылардың санын мыңға жеткізген. Бүгінде ауыл тұрғыны айына 1 тонна құс етін өндіріп, еліміздің ірі мегаполистеріне жөнелтіп отыр.

Айнагүл Ахмадбекова, Кәсіпкер:

Жұмыртқадан өзіміз балапан аштыртамыз. Жұмыртқаны шет мемлекеттен алдыртамыз. Канададан түйетауық жұмыртқасын, Чехиядан бройлердікін, Башқұртстаннан үйрек пен қаздың жұмыртқасын аламыз. Наурыз айында жұмыртқаны қоямыз, төрт ай балапан шығарамыз. Тамыздан бастап бес ай ет союмен айналысамыз.

Кәсіпкер ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен де қалыс қалмайды. Құс етін нарықтағы бағадан 20 пайыз төмен бағамен сатады. Одан бөлек, шаруашылықпен айналысқысы келетін жандарды кәсіпке баулиды. Жыл сайын 15 адамды оқытып, оларға шәкіртақы төлеп, сертификат береді.

Салтанат Манабаева, Б. Момышұлы ауылының тұрғыны:

Бұл жерде біз тек қауырсын жұлуды үйреніп қана қоймаймыз. Әр құстың өзіне қажетті витаминдері, дәрі-дәрмектері, жемі бар. Соларды беруді үйрендік. Құс шаруашылығын ары қарай кәсіпке айналдырғым келеді.

Өткен жылы өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 566 жобаға жалпы 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биыл бұл бағыттағы қолдау көлемі артып, 7 миллиард теңгеге жетті.

Айман Ақынбеков, «Ауыл аманаты» жобасының өңірлік үйлестірушісі:

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына өте қолайлы. Басқа банктерде кепілдікке өте қатаң талаптар бар. Ал бұл жоба аясында кепілдікке сәл жұмсақ қарайды. Кез келген үйді кепілдікке алады және кепілдіктің бағалық құнының 70 пайызын береді. Мысалы, ауыл тұрғынының үйі 10 миллион теңгеге бағаланса, 7 миллион теңге несие алуға мүмкіндік бар.

Кәсіпкер мемлекет тарапынан тағы да қолдау көрсетілсе, шетелден жаңа аппараттар алып, құс қауырсынын кәдеге жаратпақшы. Айнагүл ханымның сөзінше, өңделген қауырсыннан табиғи жастық пен көрпе жасауға болады. Мұндай бұйымдар жұмсақ әрі мамықтай үлпілдек келеді.

Дәурен Доғдырбай

← Барлық жаңалықтар