Шетелдік инвесторлар отандық өндірушілерді тұншықтырмауы керек.
«Respublica» партиясының кеңейтілген отырысында инвестициялық жобаларды іске асыру шарттары қаралды. Құрылтай депутаты Олжас Құспеков шетелден келген демеушілерді салықтан босатып, қолдау көрсеткенімен, жергілікті кәсіпкерлерге жағдай жасап, көңіл бөлінбей жататынын айтты.
Оның сөзінше, бұдан былай екеуіне бірдей көзқарас қалыптастыру керек. Сондай-ақ қаржы салушының барлығына қол жая бермей, алдымен отандық нарықты зерттеп алған абзал. Егер отандық іскер азаматтар ішкі қажеттілікті қамтамасыз ете алса, сырттан инвестор тартудың қажеті жоқ.
Олжас Құспеков, ҚР Құрылтайының депутаты:
Бізде екі түрлі онлайн жүйе құрылуы керек. Оның бірі — отандық нақты мұқтаждық бар тауарлардың интерактивті картасы. Мысалы, бізде нақты бір өндіріс бар болса, дәл сондай өндірісті қайтадан ашудың қажеттілігі болмаса, оны ашып, оған инвестор тартудың керегі жоқ. Өйткені ішкі нарықта теңгерімсіздік болып, олар бір-бірінің жұмысына кедергі жасайды.
Оған қоса аймақтарға тартылған инвестиция туралы ақпаратты қолжетімді ету керек. Себебі көршілес өңірлер бір-біріне ұқсас өндірістерді ашып, бәсекелестікті арттырып жатыр. Бұл шешім түбі банкроттыққа апаруы ықтимал. Сондықтан жаңа технологияны дамытуға демеуші табуда алдын ала саралау қажет.
Ардақ Зебешев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Биылғы бірінші жартыжылдықта 9,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл 25,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын жылдық жоспардың 40 пайызына жуық. Сондықтан жоспарды орындау үшін инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынын арттыру қажет деп есептейміз.
Жақсылық Жасұланұлы