Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Күдері күл, үміті құм болғандарға көмек

Өмірінің санаулы күні қалғанын естіп, есі шығып жүргендер «өлім доуласы» атанған мамандарға жүгінеді екен.

Аты қорқынышты болғанымен, бұл қызметке қоғамда сұраныс бар. Келместің кемесіне мінерін біліп, баз кешіп кеткендердің жайын бағамдап, ем бермесе де көңіліне демеу көрсетеді.

Балалар үйінің түлегі Мадам Әубәкірова талай қиындықты жалғыз ағасымен бірге еңсерген. Есейе келе бір-біріне демеу болған қос бауырды ауыр дерт ажыратты. Ағасының өмірден өткеніне жарты жылдан асыпты. Кейіпкеріміз бауырының емі үшін күндіз-түні еңбек еткен, бүгінде жалғыз қалды.

Мадам Әубәкірова, Өлім доуласының қызметін қолданған азамат:

Ағамнан айырылғаныма жарты жылдан асты. Өмірінің соңғы сәттерінде бірге бола алмадым, әрине өкінемін. Ол паллиативті бөлімшеде біраз уақыт жатты. Одан соң жалдап тұрған пәтерімізге алып кеттім. Дәрігерлер жалғыз ағамның аз ғана уақыты қалғанын айтты. Мұны естіген соң қасында қалып қарайтын адам іздедім. Өйткені соңғы сапарға дайындалу және күнделікті қажеттіліктерін алу үшін жұмыс істеу керек болды.

Науқас ағасына күтім жасап, тығырыққа тірелген шақта Мадамға «өлім доуласы» көмекке келген. Алайда отандық нарықта мұндай мамандар өте тапшы болғандықтан, оны табу оңайға соқпапты. Ауыр қазадан қабырғасы қайысқан Мадамға психологиялық қолдау көрсеткен де — сол доула. Бұл ұғым қоғамымыз үшін тосын болғанымен, шетелде кеңінен танымал.

Кристина Куценка, Өлім доуласы:

Біздің салада екі түрлі бағыт бар: «To be» және «To do». «To be» — өмірден өтіп бара жатқан жанның қасынан табылатын маман. Біз оның ішкі уайымы мен толқынысын тыңдап, сырын ақтара алатын қауіпсіз орта сыйлаймыз. Қажет болса кеңес береміз, кітап оқып, әндер қосамыз, бірге серуендейміз. Ал «To do» — практикалық көмек: тамақ пісіру, үйді жинау, дәрі-дәрмегін уақытылы ұсыну сияқты тұрмыстық шаруаларға жәрдемдесеміз. Алайда біз дәрігердің орнын баспаймыз және өзімізше ем-дом тағайындамаймыз.

Қазақстан бойынша небәрі төрт сертификатталған өлім доуласы бар. Кристина — осы бағытты отандық нарықта алғаш бастағандардың бірі. Оның айтуынша, қоғамда сұраныс болғанымен, бұл сала бізде әлі де кенжелеп тұр.

Кристина Куценка, Өлім доуласы:

Өкінішке қарай, бұл бағыт біздің елімізде дамымаған. Тіпті паллиативтік орталықтарда да мұндай көмек көрсетілмейді. Біз тек кеңесші ретінде жұмыс істейміз. Жұртшылық бізге ең алдымен жерлеу қызметін ұйымдастырушы ретінде хабарласады. Бірі жақыны науқастар бөліміне түскенде қалай әрекет етерін білмей іздейді. Екіншісі өлім жағдайы тіркеліп, жақындары аза тұту сәтінде еңсесі түскенде «қаза доуласы» ретінде шақырады. Негізгі міндетім — адамды қаралы кезеңнен аман алып шығып, қайтадан жаңа өмірге үйрету.

Түсірілім тобы кейіпкер меңзеген паллиативтік орталыққа да арнайы барып қайтты. Бұл стационар — ота мен дәрі-дәрмек көмектеспейтін, соңғы сатыдағы науқастардың мекені. Мұндағы жандарға доуланың көмегі ауадай қажет болғанымен, ресми медициналық жүйеде мұндай қызмет түрі жоқ.

Ақиқат Қуанышбай, Дәрігер-онколог:

Бізде, өкінішке қарай, ондай қызмет жоқ. Туыстармен, пациенттің өзімен сөйлесу — барлығы осы жердегі медициналық бригаданың мойынында.

Білікті психологтар да ажалмен бетпе-бет келген жанды жалғыз қалдыруға болмайтынын айтады. Өйткені қиын сәттегі жылы сөз бен демеу ішкі үрейді сейілтіп, науқастың жанын жеңілдетеді.

Саяжан Төлегенова, Психолог:

Бүкіл эмоцияны сөйлесу арқылы шығару керек. Адам жалғыз қалмауы тиіс. Әдетте ол жақындарынан қашады: «Маған ешқандай көмек керек емес, өз-өзіммен қалайын, маған тиіспеңдер», — дейді. Бұл жерде жақындарынан емес, жалғыздықтан қашу керек. Ұзақ мерзімде жалғыздықта қалмауы қажет.

Мамандардың байламы бір: өмір мен өлім арасында арпалысқан жан ішкі күйзелісін сыртқа шығарып, жақындарына сырын ашуы тиіс. Бұл қызметтің қоғамда енді бой көтеруі діни тұрғыдан түрлі сұрақ тудырары анық.

Бауыржан Әбдуәли, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:

Өмірінің соңындағы науқасқа психологиялық және рухани қолдау көрсетілсе, жалғыздық сезімін жеңілдетіп, жақындарымен жақсы қарым-қатынасын реттеуге ықпал етсе, шариғатта оған ешқандай тыйым жоқ.

Күз келсе, сарғайған жапырақтың үзіліп түсуі — табиғаттың бұлжымас заңы. Адам ғұмырының соңы да дәл осы жапырақ тағдырына ұқсайды. Алайда бұл өткелден қиналмай, сабырмен өту үлкен адами мейірімді қажет етеді. «Өлім доуласы» деген ұғымның артында дәл осы қамқорлық жатыр. Дәрігерлер науқастың өмірі үшін соңғы секундқа дейін арпалысса, доулалар өмірден өтпек жанның соңғы сәттерін жеңілдетуге тырысады. Өйткені әрбір өмір сияқты, әрбір өлім де құрметке лайық.

← Барлық жаңалықтар