Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Өзбекстанмен шекарада не өзгереді?

Қазақстан-Өзбекстан шекарасында пара алатындар көп. Кеденнен кезексіз өтсем, діттеген жерге дереу жетсем дегендер ақша ұсынуға құмар. Мұны Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің өзі айтты. Алайда бекеттерді бармақбастылықтан арылту үшін электрондық жүйе енгізіліп жатыр екен. Тиісті жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жолаушыларды өткізу қабілеті бірнеше есе артқан. Ал тоғыз айда шекара асқан автомобиль саны 650 мыңға жуықтапты. Жүк көліктері кептелісте кептеліп тұрмауы үшін электрондық кезек жүйесі іске қосылған. Қысқасы, екі ел арасындағы «Кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның берері көп. Тауарларды тұрақты жеткізу мен әкімшілік және техникалық кедергілерді жоюға күш салмақ.

БАҚТЫБЕК БИБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Кеден өкілдерін өзара орналастыру екі ел арасындағы ынтымақтастықта баяу ресми хат алмасудан серпінді өзара іс-қимылға көшуге жол ашады. Биылғы 8 айда екі ел арасындағы тауар айналымы 3,7 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл былтырғы осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда 29%-ға артық.

Сондай-ақ кәсіпкерлер өзге елдегі кедендік өзгерістерден хабардар болады. Яғни тауардың тегін, заңдылық шегін білу арқылы бизнесмендердің әкімшілік шығындары азаяды. Мәселен, Пәкістаннан жүк артып келерде алдымен декларация тапсырады екен. Сол арқылы шекарадан емін-еркін өтуге мүмкіндік бар. Құрылтай депутаттары Ислам Республикасымен де кеден істеріндегі келісімді екінші оқылымда қабылдады.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Келісімді ратификациялау өзара байланыстың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға және кеден ісі саласындағы ынтымақтастықты дер кезінде қамтамасыз етуге, оның ішінде ақпаратпен жедел алмасуға және осы саладағы ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісуге мүмкіндік береді.

← Барлық жаңалықтар