Қоғамның жаңаруы санадағы өзгерістен басталады. Ал сананы тазарту үшін ең әуелі ойды түзеп, тәртіп пен тазалықты өмір салтына айналдыру аса қажет. Жақында «Егемен Қазақстан» газеті өзекті тақырыпты талқылауға арналған «Санаткер ұлт» жобасын бастап, арнайы мақала жариялаған еді. Еліміздің Вице-Президенті бұл бастаманы оң бағалап, Facebook парақшасында пікір білдірді. Ерлан Қариннің сөзінше, дөңгелек үстел форматындағы мұндай материалдар газет оқырманы үшін өте маңызды.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Форматы ұнады. Бұл – ел газетінің «Санаткер ұлт» деп аталатын жобасы. Жоба аясында ішкі саясаттың, ұлттық идеологияның негізгі бағыттары жан-жақты талқыланады. Осы жолғы тақырып Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына арналған. Спикерлер мәселеге әр қырынан үңіліпті. Жақсы ойлар айтылған. Мәселен, Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров «Таза Қазақстанның» бес қырына тоқталып, бесінші қыры ретінде сананы тазартуды атапты. Яғни ойдың тазалығын сақтау.
Вице-Президент «Санаткер ұлт» жобасы аясында осыған дейін урбанизация дәуіріндегі әдебиет, тарихи оптимизм тақырыптары да талқыланғанын атап өтті. «Қоғамда санаға ой салатын осындай бастамалар өте қажет. Бұл – оқырман қауым үшін үлкен олжа», – деді Ерлан Қарин.