Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Шеберлердің ортақ платформасы іске қосылды

Отандық қолөнершілердің төл туындылары енді көпшілікке қолжетімді бола түспек. Осы мақсатта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Sheber» цифрлық платформасын іске қосты. Енді он саусағынан бал тамған жандар өз бұйымдарын интернет арқылы сатып, ал тұтынушылар қалағанын оңай таба алады. Бұл бастама ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, бизнестің дамуына жол ашып отыр.

Күнделікті интернеттен түрлі заттарға тапсырыс беретініміздей, енді ұлттық қолөнер бұйымдарын да «Sheber» платформасы арқылы сатып алуға болады. Мұнда қазақы нақыштағы ерекше дүниелер бір жерге топтастырылған. Бұл сатып алушыға қалағанын оңай табуға, ал кәсіпкерлерге өз өнімін өткізіп, табысын арттыруға жол ашып отыр. Алдағы уақытта бұл электронды сервис Орталық Азия нарығына да шығуды көздеп отыр.

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әзірше қазіргі таңда пилоттық жоба ретінде Алматы және Алматы облысында іске қосатын боламыз. Жақын арада бүкіл Қазақстанды қосамыз. Әрине, келешекте шетелге шығуға мүмкіндік береміз. Қазіргі таңда бізде жеткізу серіктесіміз – Қазпошта. Не үшін Қазпоштаны таңдадық? Себебі қазіргі таңда ол шеберлерге қолжетімді болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, Қазпоштаның филиалдары әр өңірде бар.

Алматылық қолөнер шебері Гүлзира Сәрсембаева жаңа қосымшаны алғашқылардың бірі болып қолданып көрді. 75 жастан асқан ісмер мұны өз бұйымдарын көпшілікке танытып, саудасын кеңейтуге берілген үлкен мүмкіндік деп отыр.

ГҮЛЗИРА СӘРСЕМБАЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Қолдана бастадық. Өте ыңғайлы платформа, ұнап жатыр бізге. Бізге әсері көп болады деп ойлаймын. Біздің өнімдерімізді сатуға, елге таныстыруға, шетелге таныстыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр бұл платформа. Өте ризамыз сіздерге.

Жаңа қосымшаға кәсіпкерлер бұйымдарының фотосуреттерін жүктеп, бағасын көрсетіп, сипаттамасын жарқыратып жазып қана қойса болғаны. Қажет болса, тіпті жасанды интеллектінің де көмегі пайдаға асады.

НАДЖИБУЛЛА ҒАБИБУЛЛАҰЛЫ, «SHEBER» ҚОСЫМШАСЫН ӘЗІРЛЕГЕН МАМАН:

«Sheber» мобильді қосымшасы қазір қолөнершілерді қолдап, әрі қарай басқа да маркетплейстерге шығуға мүмкіндік беретін функциялары пайда болып жатыр. Біз қолөнершілерге ыңғайлы қылып, өздерінің кабинетін жасадық. ЖИ арқылы олар тауарларын қоса алады.

Айта кетейік, қолөнер шеберлері үшін платформаға қосылу тегін. Тіркелуге қатысты көмек қажет болса, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады.

← Барлық жаңалықтар