Біздің ел экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын мемлекет.
Беделі зор әрі ықпалды Қазақстан 35 жылдық межеде орта держава, өркениетті мемлекет деңгейіне жетіп отыр. Қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Біз Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, стратегиялық бағдарымыздан айнымай, міндетті түрде алға қадам басамыз, алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Қазір біз озық технологиялар мен инновацияларды жүйелі дамытып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ел игілігіне жарата бастадық. Ең бастысы, біз алысқа көз тігетін ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен ұлы мұраттар жолында ұйысып, жарқын болашаққа зор сеніммен ұмтыламыз».
Мерекеге орай, бағаналы Бас орданың алдында Мемлекеттік туды көтеру салтанаты өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан ресми іс-шарада Құрмет қарауылы ротасының командирі рапорт беріп, қыран бедерлі байрағымыз биікте желбіреді.
Республика күніне орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына алыс-жақыннан құттықтау хаттар ағылды. Көптеген мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері Қазақстанға бейбітшілік пен өркендеу, халқымызға бақ-береке тіледі. Президент әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Бердібек Қарынбай