Балқаштың тартылу қаупі сейіле бастады. Ондағы су деңгейі тұрақталып, айдынның тынысы кеңейіп келеді. Мамандардың айтуынша, бұған көлдің негізгі күретамыры – Іле өзенінен келетін су мөлшерінің артуы себеп. Соңғы үш жылда Балқашқа шамамен 40 млрд текше метр су жіберілген. Осылайша, қазіргі таңда көлдегі судың деңгейі қалыпты межеде сақталып тұр.
АДЕЛЬ ДЕМЕЖАНОВА, ҚР СРИМ СУ РЕСУРСТАРЫН ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Соңғы үш жылда Балқаш көліне шамамен 40 млрд текше метр су түсіп, бұл көл деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 2024 жылы Балқаш көліне шамамен 15,9 млрд текше метр су жіберілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13,9 млрд текше метрді құрады. Ал биыл жыл басынан бері көлге 9,7 млрд текше метрден астам су келіп түсті. Балқашқа су Қапшағай су қоймасынан жіберіледі, ол трансшекаралық Іле өзенінің суын реттеп отырады. Биыл Қапшағай су қоймасы 98%-ға толды, ал алдыңғы екі жылда су қоймасы толық көлемде 100%-ға толтырылған.
Десе де, мамандар арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін ескертті. Көлдің болашағы су қорын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Осы мақсатта отандық сарапшылар француз мамандарымен бірлесіп, Балқашты 2040 жылға дейін сақтаудың бас жоспарын әзірлеп жатыр. Қазір далалық зерттеулер жүргізіліп, деректер жинақталуда. Басты мақсат – бірегей табиғи нысанды ортайтпай, келер ұрпаққа аман-есен жеткізу.