Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Жуалыдағы тар өткелдің түйіні шешілді

Жуалыда жол азабын тартқан жұрттың енді көңілі жай. Бұған дейін аудан орталығына қатынайтын көліктер жерасты өткеліне сыймай, әсіресе таңғы және кешкі қарбаласта кептеліп қалатын. Түйткілдің түйіні тарқап, көпшілік көп күткен мәселе ақыры шешімін тапты. Ескі өткелдің іргесінен жаңа жол салынды. Енді көліктер бір-біріне кедергі келтірмей, қатар өте алады. Бұл жаңалық жүргізушілердің де, жолаушылардың да жолдағы уақытын үнемдеп, қатынасты жеңілдетпек. Әлеумет те аудандағы жалғыз өткелдің үлкейгеніне қатты қуанып отыр.

БАЙСЕЙІТ ЖАРМҰХАМБЕТ, ЖУАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы теміржол салынғалы Жуалы ауданы тұрғындарының үлкен мәселесі болған. Бір жылдың ішінде осындай халге жеткізіп, бүгін ашылып жатыр. Көп рақмет.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, жерасты өткелін салуға 1 млрд-қа жуық қаржы жұмсалыпты. Құрылысы тоқтап, кеш басталса да, уақытынан бұрын аяқталыпты. Айта кетейік, жаңа көпірдің ұзындығы – 31, биіктігі – 5,3 метр.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Президент тапсырмаларын орындау аясында Жамбыл облысында жол инфрақұрылымын жүйелі жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 23,4 миллиард теңге бөлінді.

← Барлық жаңалықтар