Біраз жанұя қомақты қаржыға ие болды. Елордада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында еңбек династиялары, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды бауырына басқан жандар және қоғам өміріне белсенді араласып жүрген әулеттер бар. Құрмет-қошеметке бөленген кезекті мерейлі отбасылардың бірі – Бақашевтар әулеті. Алматыдан ат терлетіп келген жандар үшін бұл марапат – көп жылғы еңбектің, береке мен бірліктің бағалануы іспетті.
ДӘМЕЛІ ТОҚТАСЫНОВА, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУШЫ:
Біз енді Жер жанаты Жетісу өңірінен келіп тұрмыз. Мен айтар едім, мына Қазақстанымыз жаңарып, жасарып келе жатыр деп. Неге? Себебі Үкімет көп көңіл бөле бастады. Президентіміздің қолдауымен болып жатқан мына «Мерейлі отбасы» соның айғағы деп білем. Көптеген қарапайым отбасылар қатысып, әділ өтіп жатыр. Ауданнан бас жүлде алып, Астана төріне келіп отырмыз. Қуаныштымыз бәріне.
Дәстүрлі сайыс Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Үміткерлер елордадағы шешуші байқауға жету үшін біраз сынақты артқа тастады. Бас жүлдеге таласқан 20 отбасы республикалық кезеңге дейін алдымен аудандық және облыстық сайыстарда бақ сынады. Жеңімпаз жанұяларға 2 млн теңгенің сертификаты берілді.
СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Мен бұл байқауға отбасылық мәселелер жөніндегі уәкіл ретінде қатысып отырмын. Ең бастысы, «Мерейлі отбасы» – біздің отбасылық саясаттың ерекше маңызы бар бөлігі. Себебі әрбір семьяда қандай қарым-қатынас болуы керек, бір-біріне сүйіспеншілік орнату, бір-біріне көмектесу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дегеннің бәрі осы байқаудың басты мақсаты.