Ақмолалық полицейлер жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 750-дей көлікті тасжолдарға жібермей, кері қайтарып тастады. Өйткені кешелі-бері тынбай жауған жаңбырдан соң күн күрт суытып, трассалардың бетіне мұз қатып, көктайғақ болып жатыр. Жол апаттарының алдын алу үшін тәртіп сақшылары «қысқы шинаға ауысыңдар» деген ескертуді елемеген жүргізушілерді шегіндіруге мәжбүр болды. Қазіргі уақытта «Астана – Щучинск», «Астана – Шідерті» және «Көкшетау – Атбасар» жолдарында шектеулер тұр. Сондай-ақ қауіпті учаскелерде жылдамдық төмендетілді. Облыстық полиция департаменті жүргізушілерді сақ болуға, көліктердің арақашықтығын сақтап, жылдамдықты асырмауға шақырады. Айта кетейін, елімізде қыста жазғы шинамен жүргендерге 21 мың 625-тен 86 мың 500 теңгеге дейін айыппұл салынады.