Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Жылусыз қалған тұрғындар Үкіметке шағымданды

Жылусыз, жарықсыз қалған өңірлердің тұрғындары Үкіметке шағымданды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларында жаз бойы атқарылған істің сапасына қатысты наразылық көп. Үкімет басшысы аймақ әкімдеріне халықтың арыз-шағымына жедел жауап беріп, жылыту маусымына жауапты штабтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ қыста апаттық бригадалар мен арнайы техника сақадай сай тұруы керектігін баса айтты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыру қажет. Сонымен қатар өңір әкімдіктері халыққа қажетті көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауда ұстасын. Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, қажетті жабдықтар резервін әзірлеуге тиіс. Жылыту маусымында халықты тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуметтік нысандарды ерекше назарда ұстаңыздар.

Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жарты ғасырдан бері қолданыста болған жылу құбырлары жаңартылғанын айтты. Еліміздің бірнеше қаласында тозығы жеткен магистральдарға күрделі жөндеу жүргізілген. Мәселен, Степногорск қаласында 53 жыл бұрын тартылған 9 шақырымнан аса жылу желісі толық реконструкцияланыпты.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қарағанды қаласында тозу деңгейі 81% құрайтын, диаметрі 1020 мм жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан заманауи энергия тиімділігі жоғары алдын ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл халықты жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды қосу үшін қажетті резервті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

← Барлық жаңалықтар