Бесіктен белі шықпай жатып қылмысқа барған 13 жастағы ұлға үкім шықты. Өзінен бір жас кіші баланы пышақпен аяусыз өлтірген жасөспірім арнайы мектепке жіберілді. Бұл жазаға келіспеген марқұмның туыстары азар да безер. Олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылған оқушыны түрмеге қамау керек деді. Ал қолданыстағы заңда мұндай үкім тек 14 жастан асқандарға ғана оқылады. Қанды қылмыс жазда болған еді. Біз бұл жайт туралы жаңалықтарымызда айттық. Бір қызға таласқандар арасында төбелес болып, әлі жетпеген ұл суық қару қолданыпты. Марқұмның ішек-қарны ақтарылып, бауыры сыртына шығып кеткенін көрген куәлер де сол кезде арнамызға сұхбат берген еді.
Алматылықтарды түршіктірген қанды оқиғаға нүкте қойылды. Қатарласын пышақтап өлтірген жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды. Мектеп оқушыларының өзара жанжалдасуына бойжеткен себеп көрінеді. Осылайша, қызғаныштың соңы үлкен қасіретке ұласқан. Алайда қара жамылған ана бұл шешіммен келіспейді. Ол ұлының өлімін аса қатыгездікпен жасалған қылмыс деп есептейді.
ЗАМИРА БАДАЛОВА, МАРҚҰМ АБЫЛАЙДЫҢ АНАСЫ:
Бұл – аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру. Басында сараптама шықпай тұрғанда, тоғыз пышақ жарақаты бар деп ойладық. Шын мәнінде 16 пышақ жарақаты анықталды. Елестетіп көріңізші, оны бала дейді. Бұл бала емес. Ол бала емес. Ол – аса қатыгез қылмыскер. Бұл кездейсоқ емес. Ол бұған дайындалған.
Ал марқұмның әжесі бұл трагедияға араларындағы қыз себеп болды деп есептейді. Оның айтуынша, жасөспірімдер алдымен өзара жұдырықтасқан. Төбелес кезінде күдіктінің қауқары жетпеген соң, айлаға көшіп, суық қаруға жүгінген. Сөйтіп, балаларын аяусыз пышақтап тастапты.
САҒАДАТ ӨСЕНОВА, МАРҚҰМ АБЫЛАЙДЫҢ АПАСЫ:
Себепші болғаны осының бәріне сол қыз. Сол қыз екі баланы ұрыстырып ұнады деп, екі баланы бір-біріне қарсы қойып, төбелестіріп, оны интернетке салып, менің балам спортсмен. Ол жеңіп алған жаңағы баланы. Ал екінші бала шамасы келмегеннен кейін біз қыз жаңағының бәрін істеп жүрген. Ана ұл менің немеремді өлтірген баланың үйіне алып барып тапсырған.
Қолданыстағы заңға сәйкес, кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Сол себепті бұл іс тамыз айында қысқартылып, басты күдікті үйіне жіберілген. Тек жәбірленуші тарап шу шығарып, дабыл қаққаннан кейін ғана құзырлы органдар қозғалған. Нәтижесінде жасөспірім арнайы мектепке жөнелтіліп, оның заңды өкілдеріне айыппұл салыныпты.
АРМАН ШӘРІПОВ, ҚОРҒАУШЫ:
Біздің арызымызбен мынау Алматы қаласындағы кәмелет жасына толмаған сотымен шешім қабылданып, бұл бала арнайы мектепке орналастырылды. Біздің еліміздегі Семей қаласындағы мектепке. Бірақ заң бойынша бұл мектепте 6 айдан 1 жылға дейін ғана орналасады. Ары қарай біздің өтінішіміз немесе сол мекеменің басшылығының өтініші бойынша ол уақыт ұзартылады немесе кәдімгідей мектепке жіберіледі.
«Заң қайта қаралсын!» Марқұмның туыстары мен қорғаушысының ендігі талабы осындай. Олар аса ауыр қылмыс жасағандарды 12 жастан бастап темір торға тоғытуды сұрайды. Естеріңізге сала кетсек, қанды қылмыс маусым айында болған еді. Сол кезде 13 жастағы жасөспірім 12-дегі жеткіншекті суық қару жұмсап өлтірген. Марқұмның жақындары пышақтағаннан Абылайдың ішек-қарны сыртқа шығып кеткенін айтқан еді.