Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан айына 25 мың адам қаза тауып жатыр екен. Оның көбі – сарбаз. Қаралы деректі Ақ үй басшысы Дональд Трамп айтты. Жай айтқан жоқ, екі тарап тезірек ортақ келісімге келсін, енді оқ атпаймыз деп келісімін берсін дегенге келтірді. Екі елдің тағдыры Абу-Дабиде талқыға салынды. Кезекті жабық есік жағдайындағы келіссөздерге АҚШ өкілдері де қатысты. Соғыс өртін сөндіретін саяси келісім жасалды ма? Қос тарап бейбітшілікке асық па, әлде оқ үнінің өшетін күні әлі қашық па?
Тоғыз айлық үзілістен кейін Абу-Дабиде жабық есік жағдайында үшжақты келіссөздер өтті. Украина, Ресей және АҚШ делегацияларының кездесуі геосаясаттағы жаңа кезеңнің басталуына сеп болуы мүмкін. Бұл бітімге жасалған алғашқы нақты қадам ба, әлде кезекті дипломатиялық имитация ма? Екі күнге созылған пікірталас майдандағы оқ атуды тоқтата алмағанымен, тараптарды бұрын-соңды болмаған гуманитарлық шешімге алып келді. Саяси сахнадағы басты ойыншылардың риторикасы өзгерді. Вашингтон бұл жолы сырттай бақылаушы емес, тікелей модератор рөлін өз мойнына алды. Ақ үй басшысы процесті тездетуге не түрткі болғанын прагматикалық тұрғыдан түсіндіріп берді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс талқыға түсті Абу-Дабиде осы тақырыпта өте жақсы пікірталас өтті. Украина мен Ресей айына шамамен 25 000 адамынан айырылып жатыр, негізінен сарбаздар. Екі ай бұрын 32 000 адам болған.
Майдандағы статистика дипломаттарды үстел басына қайта отырғызды. Абу-Дабидегі күрделі диалогтан соң, АҚШ өкілдері келіссөздердің динамикасына қатысты алғашқы бағасын берді. Медиаторлардың сөзінше, сең қозғалғандай.
ДЖАРЕД КУШНЕР, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ:
Барлық тараппен пікір алмасу маңызды әрі пайдалы болды. Біз екі жақпен де күнделікті байланыста болдық. Менің ойымша, біз шешуге тиіс мәселелердің шеңберін анықтап, осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Шешімге келуге қатысты жақсы идеялары бар.
Модератордың позитивті көңіл-күйіне қатысушылар да үн қосты. Ресей делегациясының басшысы бұл жолғы кездесудің форматы мен америкалық тараптың қатысуына ерекше тоқталды.
ВЛАДИМИР МЕДИНСКИЙ, РЕСЕЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біздің делегация кеңейіп, кәсіби бола түсті. Бүгінгі кездесу бейбітшілікке қол жеткізуге көмектеседі деп үміттенеміз. Мен америкалық серіктестерімізге бейбітшілік орнату жолындағы күш-жігері үшін алғыс айтамын.
Киевтің де бұл процеске артар үміті зор. Украиналық делегация басшысы келіссөздердің ұзақ дайындығын еске салып, өздерінің басты стратегиялық мақсаттарын атап өтті.
РУСТЕМ УМЕРОВ, УКРАИНА ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз бұл келісімді дайындау үшін бір жыл бойы, әсіресе соңғы екі айда өте өнімді пікірталас жүргіздік. Мақсат – соғысты тоқтату. Қауіпсіздік кепілдіктері туралы сөз болып отыр және біз нәтижеге қол жеткізіп, берік бейбітшілік орнатуға назар аударамыз.
Дегенмен дипломатиялық ілтипаттар мен ортақ мәлімдемелерге қарамастан, ең басты мәселе – оқ атуды дереу тоқтату туралы келісімге қол жеткізілген жоқ. Еуроодақ пен Брюссель тарапынан қысым күшейгенімен, Мәскеу бұл мәселеде істің ретін өзгертуді талап етіп отыр.
СЕРГЕЙ ЛАВРОВ, РЕСЕЙ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Қазір Брюссельден және Еуропалық одақ елдерінің басқа да астаналарынан оқ атуды дереу тоқтату талаптары естіліп жатыр. Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мәлімдегендей, тұрақты оқ атуды тоқтатуға қол жеткізілмейінше қауіпсіздік архитектурасы туралы ешқандай пікірталас жүргізілмейді.
Қауіпсіздік бойынша қайшылықтар сақталғанымен, бұл кездесу нәтижесіз аяқталды деуге болмайды. Дипломатиялық майдандағы басты әрі нақты серпіліс – бұрын-соңды болмаған ауқымдағы тұтқындар алмасу келісімі. Кремль бұл уағдаластықты ресми түрде құптады.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен кем дегенде бір салада оң нәтижеге қол жеткізгенімізді білемін, бұл гуманитарлық бағыт. Атап айтқанда, екі тараптың тұтқындармен алмасуы. Және қазір осы бағытта тағы бір қадам дайындық үстінде.
Дублинде АҚШ өкілдерімен жеке кездескен Украина президенті де бұл шешімнің тарихи маңызына тоқталды. Оның сөзінше, бұл қадам ауқымды келісімдердің тек бастамасы болуы тиіс.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл кездесу соғысты аяқтауға деген үмітімізді арттырды. Тағы бір маңызды нәтиже бар. Ресей тарапының келісімінен кейін америкалық команда да соғыс тұтқындарымен алмасуға келісті. Бұл ең ауқымды алмасу болмақ. Біздің жауынгерлеріміз бен азаматтарымыз елге оралады.
Абу-Дабидегі келісімдер мен Мәскеу-Киев-Вашингтон үштігінің тікелей диалогы Еуропадағы одақтастарды бейжай қалдырмады. Келесі келіссөздер раундына Еуропа өкілдері де қосылмақ. Алайда, НАТО басшылығы дипломатиялық ілгерілеуді мойындағанымен, қауіпсіздік мәселесінде сақтық танытып отыр. Альянс келіссөздер үстеліндегі позицияны майдандағы күшпен нығайту қажет деп санайды.
МАРК РЮТТЕ, СОЛТҮСТІК АТЛАНТИКАЛЫҚ ШАРТЫ ҰЙЫМЫНЫҢ (NАТО) БАС ХАТШЫСЫ:
Бұл күресте Украинаның барынша төзімділігін қамтамасыз ету қажет. Украина қыстан аман шығып, Ресеймен келіссөздерде барынша мықты болуы үшін бәріміз көбірек үлес қосуымыз керек.
Сонымен, алып дипломатиялық ойынның алғашқы жүрісі жасалды. Тараптар 1000 немесе 1500 адам форматында ауқымды тұтқын алмасу операциясын таяу апталарда жүзеге асырмақ. Бұл тек мыңдаған отбасының қуанышы емес, жауласқан екі тараптың бір-бірімен уағдаласа алатынын көрсететін маңызды саяси қадам. Ал нақты бітім, оқ атуды тоқтату және Еуропаның жаңа қауіпсіздік архитектурасы сияқты күрделі мәселелер Еуропа елдері тікелей араласатын келесі раундтың еншісінде қалды. Бұл процестер соғыстың нүктесі бола ма, әлде кезекті үтір ме – оны уақыт көрсетеді.