15 жасында әлем чемпионы атанды: павлодарлық Әмір Төлегенов Малайзияда өткен шахмат додасында топ жарды.
Чемпион рейтингі 2 300 ұпайдан аспайтын әуесқой шахматшылар арасында қарсыластарын шаң қаптырған. Бұл Павлодар облысының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Әмір бұған дейін де 14 жасқа дейінгі балалар арасында Қазақстан чемпионы атанған еді.
Қанат Сүлейменов, Әмірдің әкесі: «Мен өзім де бала кезімнен шахмат ойнаймын. Үш ағам да осы спортқа қызығатын. Балаларыма бастапқыда өзім үйреттім. Кейін олар шахматпен тұрақты айналысуды қолға алды. Қазір менен озып, үлкен жетістіктерге жетіп жүр».
Енді жас шахматшыға ФИДЕ шебері атағы берілмек. Сондай-ақ оның халықаралық рейтингтегі ұпайы да артады.
Әмір Төлегенов, шахматтан әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы: «Әрине, ұзақ уақыт бойы төккен терің мен еңбегің ақталғанда ерекше қуанасың. Арқамнан ауыр жүк түсіп, бір жеңілдеп қалдым. Өйткені адам алға қойған мақсатына жету үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды».