Алматыда жасөспірімдер электрсамокатпен қалай болса солай жарысып, ел-жұрттың зәресін алды.
Тәртіп сақшыларына құқық бұзушыларды тура «Атакент» саябағының ішінде қуып жүріп ұстауға тура келді. Рейд жүргізуге тұрғындардың толассыз шағымдары себеп болған.
Олардың айтуынша, жылдамдыққа әуес жастар мұнда сағатына 80 шақырымға дейін жүйткіп, демалушылардың өміріне қауіп төндірген. Тіпті олар инспекторлардың тоқта деген талабына бағынбай, құйындата жөнелген.
Ұсталғандардың арасында 12 жастағы жеткіншек те бар болып шықты. Онымен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары үлкендерді балалардың бос уақытын қадағалауға шақырады. Себебі жылдамдықты шектен тыс асыру самокат тізгіндегендердің өзіне ғана емес, жаяу жүргіншілердің де өміріне қатер төндіреді.
Ұлан Тәліпбай