Алматы аспаны таңертең будақтаған қою түтінге оранды. Түрксіб ауданында жүрген жұрт көшеде көзін аша алмай біраз қиналған. Сөйтсе, сол маңдағы қойма өртеніпті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен сәтте ғимаратты қызыл жалын толық шарпып, бет қаратпаған. Нысанның құрылымы мен ішіндегі жанғыш заттардың көптігі тілсіз жауды сөндіруді қиындатқан. Сондықтан оны ауыздықтауға Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша күштері жұмылдырылған. Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында жалын толықтай сөндіріліп, ең бастысы, оттың көршілес қоймаларға таралуына жол берілмеді.