«Еуразия» Бірінші арнасы - республикалық деңгейде хабар тарататын, отандық ақпараттық, ойын-сауық бағытындағы телеарна.
Арна хабар таратуды 1997 жылдың қазан айында бастады, ал алғашқы эфирі сол жылдың 10 қарашасында көрерменге жол тартты. Осы уақыт аралығында «Еуразия» Бірінші арнасы қазақстандық телевизия кеңістігінде кең аудиторияға арналған сапалы контенті мен жоғары рейтингті бағдарламалары арқылы жетекші орындарды иеленіп келеді.
Арна қазақстандық медиакеңістікте алғашқылардың бірі болып ауқымды тікелей эфирлерді, трансформер студия және заманауи интерактивті графика форматтарын енгізді. Қазіргі таңда «Еуразия» бірінші арнасының эфирінде жедел жаңалықтар, сараптамалық бағдарламалар, таңғы эфирлер, әлеуметтік жобалар, сондай-ақ көркем және деректі фильмдер, телехикаялар ұсынылады.
Әр жылдары арна эфирінен отандық телевизия кеңістігінде жаңалық болған, халық арасында кеңінен танылған ауқымды жобалар көрсетілді. Солардың қатарында көрерменге талай жаңа есімді танытқан Қазақстандағы ең танымал музыкалық жобалардың бірі – «X Factor Kazakhstan», сондай-ақ тікелей эфир форматындағы ең ауқымды студиялық дейтинг-шоу – «QosLike» жобаларын атауға болады.
«QosLike» - аудитория ықыласына бөленген нағыз телевизиялық феномен. Төрт сағаттық тікелей эфир, шынайы эмоция, боямасыз әңгіме, отбасылық өмірге ұласқан махаббат хикаялары бұл жобаны отандық медиакеңістіктегі ең жоғары рейтинг жинаған, ең көп талқыланған әрі кеңінен танылған бағдарламалардың біріне айналдырды. Жоба аясында 26 отбасы құрылды.
Арнаның таңғы эфирін тікелей эфирдегі «Қайырлы таң, Қазақстан!» және «Доброе утро, Казахстан!» бағдарламалары бастайды. Бұл жобалар көрерменге көңіл күй сыйлап, пайдалы әрі өзекті ақпарат ұсынады.
Ақпараттық-сараптамалық бағытта «Басты жаңалықтар», «Главные новости», «Аналитика», «Асау жаңалықтар», «Заң мен ел» және «Parlament online» жобалары айрықша орын алады. Аталған бағдарламалар аптадағы саяси, экономикалық және қоғамдық маңызы бар тақырыптарды терең әрі түсінікті форматта талдап, көрерменге жан-жақты жеткізеді.
Эфир кестесінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да маңызды орынға ие. «Köremiz show» көрерменге ой салып, жігерлендіретін, көпшіліктің жүрегіне жол табатын оқиғаларды арқау етеді. Бағдарлама кейіпкерлері қатарында танымал тұлғалар, өнер адамдары, саясаткерлер, кәсіпкерлер мен елге сыйлы азаматтар бар. «Анықтаймыз. Руслан Өтепбаймен» жобасы қоғамдағы резонанс тудырған әлеуметтік мәселелер мен өзекті тақырыптарды көтереді. Ал «Говорим о главном» қоғамдық-саяси ток-шоуы күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелерді ашық талқылауға арналған алаң қалыптастырады.
«Еуразия» Бірінші арнасы цифрлық кеңістікте де қарқынды дамып келеді. Бүгінде арнаның digital-платформалардағы аудиториясы 8 миллионнан асады. Бұл көрерменнің арна контентіне тек телевизиялық эфирде ғана емес, онлайн ортада да жоғары қызығушылық танытатынын көрсетеді.
«Еуразия» Бірінші арнасы – 29 жылдық тарихы бар, жаңалық таратудағы өзіндік мектебі қалыптасқан, көпшілікке кеңінен танылған телевизиялық форматтарды өмірге әкелген және заманауи digital-экожүйені дамытқан арна.