«Еуразия» Бірінші арнасы https://1tv.kz Fri, 02 Oct 2026 16:05:08 +0000 ru-RU hourly 1 https://wordpress.org/?v=7.0.2 https://1tv.kz/wp-content/uploads/2026/04/1tv-site-icon-150x150.png «Еуразия» Бірінші арнасы https://1tv.kz 32 32 Басты жаңалықтар. 02.10.2026 https://1tv.kz/video/54929/ Fri, 02 Oct 2026 14:39:45 +0000 https://1tv.kz/video/54929/ Кеңес жастары қалай ғашық болған? https://1tv.kz/news/54876/ Fri, 02 Oct 2026 14:36:53 +0000 https://1tv.kz/news/54876/ Театр сахнасының жас актерлері шетелден келген режиссерді тәнті етіп, таң қалдырды. Алматыдағы Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық драма театры биыл 94-ші маусымын ашып отыр. Талғамы биік көрерменге сапасы жоғары спектакль қою үшін аты дардай маманды арнайы алдырған екен.

Биылғы театр маусымы әйгілі драматург Александр Вампиловтың «Прощание в июне» пьесасымен ашылды. Туынды өткен ғасырдың 60-жылдарындағы студенттік өмірді бейнелейді. 4-курс студенттерінің үлкен өмірге жолдама алатын шағын бейнелейді. Оны сахналау үшін режиссер театрдағы жас актерлермен тыңғылықты жұмыс істеген. «Таланттарына тәнті болдым» деп таңдай қағуда.

ГРИГОРИЙ ЛИФАНОВ, РЕСЕЙЛІК РЕЖИССЕР:

Театрдың болашағы зор. Өйткені жастар өте дарынды. Олар мұндай үлкен басты рөлді бірінші рет ойнап отыр. Егер ортақ пікірлес команда жасақтамасаң, спектакль қоя алмайсың. Актерлермен ойларың бір арнаға тоғысқанда кез келген туындыны өмірге әкелуге болады. Вампиловтың шығармасы адамгершілікті, қарым-қатынасты, жастардың мәселесін көтереді. Үлкен ұжымның жұмылуының арқасында осы спектакльді театр маусымына ұсынып отырмыз.

Спектакльдің желісі мынадай: жатақханада өтіп жатқан досының тойына бұзықтау келген Николай қаланың әдемі қызын апарғысы келеді. Сөйтіп, аялдамада тұрған бойжеткенмен танысып, оны тойға шақырады. Ақыр соңында жастар бір-бірін ұнатып қалады. Ал жас жігіттің ғашығы өзі оқитын жердегі ректордың қызы болып шығады.

КАРИНА КУДЕКОВА, АКТРИСА:

Режиссерлер әртүрлі болады. Бірі ойындағысын, нені қалайтынын айқайлап жеткізеді. Кейде режиссерге не керек екенін түсіне алмайсың. Ал бұл спектакльде барлығы ұғынықты. Григорий Алексеевичпен дайындық кезінде еркін диалог болды. Ортақ тіл табысып, өз кейіпкерімді жан-жақты ашуға тырыстым.

Қызының сотқарға ғашық болғанын естіген әкесі жігітке онымен кездесуден бас тартса, оқудан шығармайтынын айтады. Тауы шағылған студент бұл ұсынысқа амалсыздан көнеді. Дегенмен оқуын бітірген кезде Таняны шын сүйетінін сезінген жігіт қалайда тағдырларын бір арнада тоғыстыруға бел байлайды.

АРАЙЛЫМ БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көңілімнен шықты. Негізі жастар туралы, алғашқы махаббат туралы. Әке-шешелерінің қарсылығы осы екі жастың бірге болуына. Негізі өте өзекті мәселені көтереді, ескі туынды болғанымен. Классикалық туынды болған соң ұнады.

Театр маусымының шымылдығын ашқан спектакль көрерменнің көңілінен шыққан. Залда ине шаншар жер болмады. Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық драма театры репертуарын биыл жаңа 4 туындымен толықтырыпты.

]]>
Бюджет қаражатын жымқырып, Италияда демалған https://1tv.kz/news/54883/ Fri, 02 Oct 2026 14:35:56 +0000 https://1tv.kz/news/54883/ Халықтың тірнектеп жинаған ақшасына Италияда демалып келген. Астанада азаматтардың емделуіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырған емхана басшылары мен лауазымды тұлғалар сотталды. 4 адам жұрттың денсаулығынан бұрын қара басының қамын ойлап, жалған шарт жасап, қазына ақшасын жақын туыстары мен ауыз жаласқан сыбайластарының шотына салып отырған. Сөйтіп 4 жылдан бері түскен соманың бір бөлігін емхананың керек-жарағына жұмсаса, қалғанын кредит жабуға, Италияға қыдыруға, тұрмыстық техника сатып алуға жаратқан. Келтірген жалпы шығын 672 млн теңгеден асып жығылады. Бірақ сотталушылар кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұраған. Соған қарамастан, судья оларды айыпты деп тауып, 8 және 7 жылға жаза кесті.

]]>
«Жамбылтану» атты 5 томдық еңбек жарық көрді https://1tv.kz/news/54875/ Fri, 02 Oct 2026 14:35:30 +0000 https://1tv.kz/news/54875/ Алматыда «Жамбылтану» атты 5 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Сүбелі еңбекте жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұрасын зерттеген бірнеше құнды туынды жинақталған. Кітап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда таныстырылды. Шараға түркі елдерінің ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.

МЕЙІРІМГҮЛ КӨЛБАЕВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ (ҚЫРҒЫЗСТАН):

Қырғыз оқымыстылары Жамбылдың мұрасын үш бағытта талдағанын көресіз. Бірінші, публицистикалық тұрғыда. Әлемдік жазушы Шыңғыс Айтматов, Түгелбай Сыдықбеков сияқты тағы басқа Қырғыз Республикасының жазушыларының мақалалары, еңбектері бар. Одан бөлек, білімін алатын болсақ, академик Ахматолла Амантаевичтің ең негізгі мақалалары бар.

Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл. Халқымыздың рухани дүниесінде қуатты да өміршең жырларымен ойып тұрып орын алып, өшпес із қалдырған ақынның абыройы түркі әлемінде де асқақ. Жиынға қатысушылар оның шығармашылығы жайында ой толғады.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Жамбыл бабамыз біртуар қазақтың тұлғасы. Ол кісі қаншама толқын ұрпақты тәрбиелеп келе жатыр. Біздің өзіміз бала кезімізден Жамбыл өлеңдерін жаттап өстік. Біздің тіліміздің шығуына, қазақ тілінде еркін сөйлеуімізге Жамбыл атамыздың өлеңдері үлкен әсер етті.

]]>
Көшеттер көктемей, қурады https://1tv.kz/news/54885/ Fri, 02 Oct 2026 14:34:36 +0000 https://1tv.kz/news/54885/ Қайбір жылы Тараздың шенеуніктері жер-жерге тал егіп жарысып кетіп еді. Оны жарияға жар салып, әлеуметтік желілерде де жарыса жазды. Әлеуметтің айтуынша, сол егілген тал-дарақтар қазір қурап қалыпты. Қараша бастапқыда қарқыны мықты болғанымен, бір суретке түсіп кеткен соң, алқап әдеттегідей қараусыз қалды дейді. Жұртқа бұл іс ел үшін емес, есеп үшін жасалғандай әсер қалдырыпты.

НҰРБАНУ ЖОЛДЫБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Су құйғанын көрген емеспін. Қурап кеткен талдың бәрі. Саябақ деп екті басында әдемі қылып. Трактормен жыртып, егіп, күшті болатын шығар деп ойлағанбыз егілген кезде.

Ал қала әкімдігінің мәліметінше, айналаны көгалдандыру мақсатында Шөлдала алабына көшеттерді Тараз орман мекемесі отырғызған екен. Суару жүйесі жүргізілмегендіктен, 3,5 гектар жердегі 1500 түп ағаштың барлығы дерлік қурап қалғанын растады.

НҰРДОС СЕМБЕК, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Суару жүйесі алдымен жүргізілмегендіктен, ол талдардың барлығы егілген сәттен кейін-ақ көгеру деңгейі төмен болып, қазіргі жағдай орын алып отыр. Дәл қазіргі таңда аталған жерге тал егу жұмыстары әзірше жоспарымызда жоқ. Өйткені суару жүйесі жүргізілмеген.

]]>
ҚазАвтожолдың қысқа дайындығы қалай? https://1tv.kz/news/54877/ Fri, 02 Oct 2026 14:34:30 +0000 https://1tv.kz/news/54877/ ҚазАвтожолға 4300 техника жетпейді. Басынан дау кетпеген ұлттық компания өкілдері журналистерді жинап алып, мұңын шақты. Дәл қыстың қамына кірісерде тапшылық азабын тартып отырған көрінеді. Бұл не деген сөз? Қылышын сүйретіп келетін қыста жолдарды қалың қар басып, аршылмай қалуы мүмкін бе? Шалғайдағы ағайынмен көктемдегі көрісу күнінде бір-ақ жолықпасақ болғаны.

Ел ішінде трасса десе жасқанып қарайтын жұрттың бары анық. Өйткені ауыл-аймақ пен ағайын-туысына халық тас жолмен жетеді. Жаздың күні діттеген жеріне шаршап-шалдығып баратын қауым, қыс келсе жол ортасында, қар құрсауында қалып жатады. Қыстың қамын күз ойлаған ҚазАвтожол олқылықтардың алдын алу үшін биыл тағы да техника сатып алыпты. Алайда салаға қажетті арнайы техника әлі де жетіспейді. Ұлттық компанияның өкілі қазір қолда бар 3 мың бірлік құрал-жабдыққа қосымша тағы 4300 дана ауыр көлік қажет дейді. Дегенмен компания өкілдері бұл мәселеге салғырт қарап отырмағанын айтады.

НҰРҚАТ АҚЫЛТАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дайындық жұмыстары толықтай жүргізіліп жатыр. Облыстарда қажетті құм, реагенттер, тұзды және қысқы техниканы дайындау жұмыстары толықтай жүргізіліп жатыр. Биыл, 2026 жылы тағы да 750 техника сатып алу жоспарланып отыр. Оның басы басталып келіп жатыр және әр өңірдің қажеттілігіне қарай бөліп беріп жатырмыз.

Дәл осындай ауыр техниканы тізгіндеп жүрген жандардың бірі — Қуаныш есімді азамат. Ол қара жолдың бойына ширек ғасырын арнаса, соның 10 жылын ұлттық компаниядағы ерен еңбекке арнап келеді. Тәжірибелі маманның айтуынша, қыс мезгілінде «жол жабылғаны» туралы ескертулерге құлақ аспай, тәуекелге бел буатын жүргізушілердің әрекеті жұмыстарын едәуір қиындата түседі екен.

ҚУАНЫШ СЕРҒАЛИЕВ, ҚАР ТАЗАЛАУ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Көбінесе «жол жабық» деген хабарлама келеді ғой, сонда да жеңіл көліктегілер жолға шығып кетеді. Бізге жұмыс істеуге қиын. Олар көрінбейді, боранда өздері артымыздан да келіп қалады, алдымыздан да келіп қалады.

Тағы бір айтатын дүние, компания өкілдерінің айтуынша, бұл сала да бір орында тұрған жоқ. Соңғы уақытта күрежолдағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін цифрлық жүйелер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістер бұрынғыдай қағазбастылық пен әлеуметтік желі арқылы есеп беруді ысырып, барлық үдерісті автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

ИЛЬЯС МАГАФЕРЕН, «QAJ SERVIS» ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі таңда «ҚазАвтожол» компаниясы күрежол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптар мен арнайы техникалардың жұмысын толықтай цифрлық бақылауға көшірді. Бұрын өңірлердегі жауапты мамандар мәліметтерді қағазға түсіріп, суретке басып, әлеуметтік желі арқылы жолдайтын. Енді бұл жүйе онлайн режимге ауыстырылды. Бұл өзгеріс көліктердің техникалық күйін қадағалап қана қоймай, отын шығынын нақты есептеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға жол ашады.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Нардың жүгін мінген, жолдың жырын жүрген біледі. Сәл күнде ақ ұлпа жерге түсіп, қарлы боран соқса, дәл осы ауыр техникалар жолдың жұмысын реттеу үшін аттанады. Бұл сәтке ҚазАвтожол да күзден бастап қамданады екен. Қыруар қаражатқа алған көлік құралының қызығын қыста қараша халық көрсе игі.

]]>
ЖИ — жаңа режиссер https://1tv.kz/news/54878/ Fri, 02 Oct 2026 14:34:03 +0000 https://1tv.kz/news/54878/ Актерсіз-ақ кино түсіруге болады екен. Бірде-бір әртісті ақшаға жалдамастан, керісінше 2 млн доллар жеңіп алуға болады. Әлемнің түкпір-түкпірінен сондай 8 мың туындының авторы Астанадағы байқауға қатысуға өтініш берген екен. Арасында 800-і өзіміздің отандастардікі.

Астанада жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Байқауға әлемнің 120-дан астам елінен 8 мыңнан аса өтінім түскен. Қазақстаннан 800-ден астам жұмыс ұсынылды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Бірнеше жыл бұрын жасанды интеллект фильм түсіреді деген ой қиялға да сыймайтын. Бүгінде бұл — шындық. Астанада жасанды интеллект түсірген фильмдер фестивалі ашылды. 25 финалистің арасында Қазақстанның екі туындысы бар.

Шараның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы қатысты. Кешегі форумда айтқан ойы осы бастаманың мәнімен үндес: Қазақстан өзге елдердің технологиясын қолданумен шектелмей, болашақты өзі қалыптастыруы керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан болашақтың жетегінде кетіп, өзге елдердің технологиясын қолданумен ғана шектелмеуі керек. Болашақты өзіміз жасауымыз қажет. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, сапалы өзгерістерге қол жеткізуіміз тиіс. Әрине, жасанды интеллект адамды алмастырмайды. Керісінше, ол біртіндеп таптырмас көмекшіге айналады.

Ұйымдастырушылар фестивальді жаңа жобаларға жол ашатын алаңға айналдырмақ. Жүлде қоры — 1 миллион доллар. Бұған қоса, Қазақстанда компания құратын талантты командаларға тағы 1 миллион доллар инвестиция салу жоспарланған. Авторлар мен көрермендерді байланыстыратын стриминг платформа да іске қосылмақ.

ДЖЕЙМЕН ТАСКЕР, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:

Мен Австралияның Сидней қаласынан келдім. «Everything Soft» — жасанды интеллект көмегімен толық жасаған алғашқы көркем фильмім. Сценарийін бірнеше апта жаздым, ал фильмді әзірлеуге шамамен төрт апта кетті. Бұл — жасанды интеллект көмегімен түсірген алғашқы көркем фильмім. Бұған дейін ЖИ қолданылған тапсырыстық жобаларда жұмыс істедім. Музыкалық клиптердің режиссерімін, сондықтан клиптердегі визуалды эффектілерде де жасанды интеллектіні қолдандым.

Финалистердің фильмдері бүгін және ертең Chaplin кинотеатрында көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ЖИ көмегімен жасалған туындылар алғаш рет үлкен экранға шығып отыр. Франция, Қытай және АҚШ өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы үздіктерді таңдайды. Жеңімпаздар ертең гала-кеште жарияланады. Бас жүлде — 450 мың доллар, екінші орынға — 250 мың, үшінші орынға 100 мың.

]]>
Табиғи байлықтарды талан-таражға салды https://1tv.kz/news/54884/ Fri, 02 Oct 2026 14:33:38 +0000 https://1tv.kz/news/54884/ Табиғи байлығымыз шетке заңсыз шығарылып келген. Ұлытау облысында тып-тыныш кен орындарын рұқсатсыз қазып, қалталарын қампайтып жүргендер ұсталды. Күдіктілер Сарыарқа төсінде марганец химиялық элементі көптеп кездесетін аумақтарды мұқият зерделеп, қазумен айналысқан. Олар осы уақытқа дейін жалпы құны 950 млн теңге болатын шикізатты шекара асырып үлгеріпті. Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары заңсыз ашылған карьер аумағында өндіріс ошағын тапты. Ол жерде қазып алынған кен ұдайы үгітіліп келген. Тіпті пысық азаматтар жүк көлігіне тиелген шикізатқа басқа атпен құжаттар рәсімдеп отырған. Заңсыз қазылған марганец көлемі шамамен 4 мың текше метрден асады.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Күдіктілер заңсыз кен өндіру үшін ауыр карьер техникасын, экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдарды пайдаланған. Карьер аумағында өндірістік база жабдықталып, онда өндірілген шикізат ұсақтау кешені арқылы өңделген. Кейін кен жүк автокөлігі мен тиісті құжаттарды пайдалана отырып, ел аумағынан шығарылған.

]]>
Ақша үшін орманды отауға рұқсат еткен https://1tv.kz/news/54882/ Fri, 02 Oct 2026 14:33:06 +0000 https://1tv.kz/news/54882/ Онсыз да өрттен көз ашпаған Семей орманын қолдан да отап біткен сыңайлы. Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақша үшін жасыл желектерді кесуге рұқсат бергендердің әрекетін әшкере етті. Абай өңіріндегі табиғи резерваттың бірқатар лауазымды тұлғалары өзгелердің ағаштарды заңсыз кесіп, одан пайда табуына жағдай жасаған. Қарымта ретінде қаржылай сыйақыға кенеліп отырыпты. Ал рұқсат алғандар алқапты еш кедергісіз қиып келген.

ҚАЙЫРЛЫ АХМЕТ, ҚР ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Тінту барысында бухгалтерлік құжаттама, кесуге арналған орман орамдары мен ақша қаражатын бөлу туралы қолмен жазылған жазбалар, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер алынды. Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Маржан Нүсіпбек

]]>
Әлияның тойын күткен көше https://1tv.kz/news/54881/ Fri, 02 Oct 2026 14:32:57 +0000 https://1tv.kz/news/54881/ Ақтөбеде бір көше бар. Оның тұрғындары күнтізбедегі әр атаулы күнді дәмеленіп күтеді. Өйткені атқарушы билік ауыл ішіндегі жолды белгілі бір мерейтойлар қарсаңында жасап береміз деген екен. Әуелі Жеңістің 70 жылдығына орайластырады. Бірақ сол күйі жасалмапты. Содан Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойын тағатсыздана тағы күттік дейді. Өйткені көшеге батыр қыздың аты берілген. Бірақ ол мерейтой да өтті де кетті. Енді қарақұрым халық алда қандай мереке бар еді деп отыр.

Облыста Әлияның есімімен аталатын біраз көше бар. Соның бірі — Ақтөбенің іргесіндегі Қурайлы ауылында. Өзі соншалықты ұзын да емес, бір шақырымға жетер-жетпес жол. Осы көшеге асфальт төсеу мәселесі 2014 жылы көтерілген. Мұны бізге сол кезде ауылдық әкімдікте қызмет еткен Шәрбану апай да растады. Тіпті зейнеткерлікке кетіп бара жатып, құжатын да өзі реттепті.

ШӘРБАНУ АСАНОВА, ҚУРАЙЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2014 жылы құжаттарды мен дайындап, онда ЖКХ-ға тапсырдым, онда учредитель болды. Сонда бізге жауап келді: жобалық-сметалық құжаты дайын, осы көшелерді асфальттауға. Сосын осы екі көшені асфальттаймыз деп. Бірақ уже 11 жыл болды ғой…

Жолдың жайын жүрген біледі. Ал бұл көшенің жаңбыр жауса қалай балшыққа батып, аптапта көк шаң болатыны осы көшенің тұрғындарына жақсы таныс.

ДИАНА ЕРМАҒАМБЕТОВА, ҚУРАЙЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егер де жаңбыр жауса, мына жолды өту мүмкін емес. Аяғымыздағы балшықты көрсеңіз ғой. Егер де жаңбыр жаумаса, көк шаң далада. Терезе аша алмаймыз, жер үйде тұрып, жуған кірімізді жая алмаймыз.

Қаламен екі ортаға қатынайтын автобус та осы көшемен жүреді. Қиқа-сиқа жол жүргізушілердің де діңкесін құртқанға ұқсайды.

АМАНДЫҚ ЮСУПОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Жаңбыр жауған кезде езіліп кетеді мынау. Автобустарға жол жүру қиындайды. Ал құрғақ күні шаңдатады. Жолды істеп берсе жақсы болар еді негізі.

Жылда-жылда әкімдікке арызданып шаршаған жұрт бүгін шенділерді шаңы аспанға көтеріліп жатқан көшелеріне тағы шақырды. 11 жыл бұрынғы құжаттарды қайта көтеріп, шешімін қарастыруды сұрады.

ЕСЕТ КЕНЖЕБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Кезінде аталған көшеге жоба жасалған, дегенмен қаржыландыру бөлінбеген құрылыс жұмыстарына белгілі себептермен. Бірақ қазіргі таңда жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жоба дайындау жоспарлап отырмыз. Бұл енді кезең-кезеңімен асырылатын жобалар, барлығын бірдей қамти алмаймыз.

Қурайлының өзін тұрғындар төменгі және жоғары деп бөледі. Ал Әлия Молдағұлова көшесіне асфальт төсесе, сол екі ауданды жалғайтын негізгі жолға айналмақшы.

]]>