Жаңа жылға дайындалып отырған Еуропа елдері қауіпсіздікті күшейтті
Жаңа жылға дайындалып отырған Еуропа елдері қауіпсіздікті күшейтті
24.12.2016

— Елшіні ату соғысқа итермелеу. Аптада Анадолы елінде Ресей елшісі атып өлтірілді.
— Сириядағы лаңкестік топтардың пәрменімен жасалған қастандық салдарынан Анкара мен Мәскеу арасы қалай болмақ?
— Бұның бер жағында экстремизмнің исі мұрнына жетпеген Германияда терракт болды. Жаһандық экстремистер қолынан шыққан туындылар бұл. Жаппай өлтіру. Қос трагедия хақында халықаралық шолушымыз Нұркен Қалижан сабақтайды.

Бұл Андрей Карловтың соңғы рет ел алдына шығуы. Ресей елшісі өзін өлтірген қылмыскерді көрген жоқ. Қаскөй оның арқасынан бірнеше рет  атқан.

Абдырап қалған жұрт еденге жата қалған. Оқ атқан 22 жастағы Мевлют Мерт Алтынташполициямен атыс кезінде мерт болады. Ал, елші жедел-жәрдем келіп жеткенше көз жұмыпты. Іле-шала Анкара мэріоқиғаның теракт екенін айтып, қаза болған қылмыскер қызмет бабында жүрген сақшы болғанын жеткізді. Сондай-ақ, лаңкестің төрт туысқанымен пәтерді бірге жалдап тұрған көршісі тергеуге алынды.

«Ол көп сөйлемейтін. Тыныш қана жұмысына барып-келіп жүрді. Оны көбіне кешке жақын көріп қалатынмын. Соңғы кездері үйіне келмейтін болып кеткен еді» — қала тұрғыны Халид Каран.

Трагедиядан кейін іле-шала Түркияның сыртқы істер министрі Мәскеуге ұшып барды.  Екі тарапта мұның қасақана ұйымдастырылғанына сенімді еді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түрік полицейі діни қайраткері Фетхулла Гүлен ұйымының «мүшесі болғанын» мәлімдеді. Ал, Гүленнің өзі шабуылды «жексұрындықпен жасалған теракт» деп атап, Ердоғанның мәлімдемесі жоққа шығарды.

Бір күнен соң марқұм елшінің денесі өз еліне жеткізіліп, жерлеу рәсімі өтті. Қаралы жиынға ел президенті Владимир Путин де қатысып, марқұмның отбасына көңіл айтты. Ол Карловтың елге сіңірген еңбегі әрдайым құрметпен еске алынатын айтып, елшінің атын ел ұмытпас үшін «Ресей Федерациясының Батыры» атағын беру туралы жарлыққа қол қойды.

Ал, дүйсенбінің кеші Берлин жұртымен қала қонақтарының есінде қаралы күн болып қалғаны сөзсіз. Мұнда жүк көлігін тізгіндеген ер адам мерекелік шараға жиналған адамдарды жайпап өтті. Бұл сұмдықты өз көзімен көрген  куәгерлер, «өлім көлігі» кейбір адамдарды жүз метрге дейін сүйреп алып кеткенін айтады.

«Көлік менің қасымнан 3 метрдей жерден өтті. Жүргізуші солға, оңға бұрып көп адамдарды әдейі барып, қаққанын көрдім» — куәгер.

Полиция жүк көлігінің салонынан бір адамның жансыз денесін тапқан. Кейін көліктің Польшадан жеткізілгені, ал марқұм оның жүргізушісі екені анықталды. Қаскөй оны кепілге алып, қолын қанға малған соң, атып тастаған. Ал, полиция қолға түсірген адам бөтен біреу болып шығып, күдікті Анис Амри атты Тунис азаматы екені белгілі болды. Ол турады ақпарат берген кісіге 100 мың еуро сыйақы тағайындады. Бұған дейін 24 жастағы ер адам Германиядан саяси баспана сұрағанда, неміс билігі оның бетін қайтарған екен.

«Оның неміс жеріне келіп саяси баспана сұрауы, біздің жанымызға батып отыр. Босқындардың барлығын құшақ жая қарсы алдық. Өз елдерінде көрмеген жағдайды жасап бердік. Бірақ бізге жасаған рахметі осы болды. Өкінішті-ақ. Қолда бар мәліметтер Берлинде болған сұмдық жағдай теракт болғанын көрсетеді. Бұл оқиға толық тексеріліп, кінәлілар жауапқа тартылатын болады» — Германия канцлері Ангела Меркель.

Арада үш күн өткенде, Италиядағы Милан провинциясында Анис Амри оққа ұшты деген ақпарат шықты. Оның Германия шекарасынан қалай шығып кеткені белгісіз. Лаңкес тексеріс кезінде полицейді атпақ болғанда, тәртіп сақшы жауап оқпен оның сұлатып салыпты. Қазір жаңа жыл мерекесіне дайындалып отырған Еуропа елдері қауіпсіздікті күшейтті. АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы Рождество қарсаңында елде террорлық шабуыл жасалуы мүмкін екендігін ескерткен.



Достарыңмен бөліс: