Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Астана жолақтар жоғалып кетті

АСТАНАДА КӨЛІК КӨП, БІРАҚ ЖОЛАҚ ЖОҚ!

Астана жолақтар жоғалып кетті. Кесірінен апаттық жағдай туындап, жолда бағытынан жаңылып жатқандар көп. Айыппұл арқалап кеткендер де аз емес. Шаһарда жол белгілері сызылмайды емес, сызылады. Бірақ, неге екені белгісіз су тисе сарғайып, күн түссе түгі қалмай түтіліп кетеді. Қар астында қалса тіпті қиын. Жолағы жөнсіз қаладағы мәселені тілшіміз зерттеп көрді.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ — ТІЛШІ:

Көктем шықса да, көшелердің келбеті оңалмай тұр. Басқа-басқа емес Бас қалада жол таңбалары түгі қалмай өшіп кеткен. Бұл қозғалысты қиындатып қана қоймай, көлік тізгіндеген жұртқа қауіп төндіруде. Абайсыз автобус жолағына айыппұл арқалағандар аз емес. Солардың бірі – астаналық Нұрсұлтан Әбдікәрімов.

НҰРСҰЛТАН ӘБДІКӘРІМОВ — ТҰРҒЫН:

«Түнгі уақытта автобусная полосаға кіріп шыққам ба?! Сол алған күндерім болды. Қазір енді бұзбауға тырысамыз. Полоса көрінбейді негізі. Көрінбегеннен кейін бір бірінің қай полосада келе жатқаны, например түнде авария болғанға себеп болады. жолдың разметкасы болмағаннан кейін бардак болады ғой жолда».

Жол таңбасының жоқтығынан бағдардан жаңылған жалғыз Нұрсұлтан емес. Бұл жағдай өзге де жүргізушілердің жүйкесін жұқартып біткен». Астаналық жүргізушілер мұндай келеңсіздікпен күнде бетпе-бет келеміз дейді.

«Жолдың разметкалырының бәрі өшіп кеткен. Авариялар көп болып жатыр. Водительдер қатты айдайды. Жолдың сапасы нашар».

«Менің ойымша уақытша жасалған дүние бұл. Жыл сайын ауыстырып отыру үшін жасалған. Сапасы, сапасын дұрыстау керек қой».

«Көбісі как попало жүре береді. Ыңғайсыз болып қалады. Особенно машинада бала болғанда. Резко басып кедеді. Хотя разметка тұрса біледі ғой басуға болмайды. Астана енді біздің столицамыз ғой. разметка барлық жерде болуы керек».

Иә, бұқараның базынасы да орынды. Өйткені, аңдамай айып арқалап кетуің бек мүмкін. Әр қадамды қалт жібермейтін «Сергек» камералары қателікті кешірмейді. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы елімізде жол таңбаларының талабын бұзды деген 80 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жазаға тартылыпты. Ал егер, жолақтар жоғалған болса ше? Мұндайда кім кінәлі?

НҰРЖІГІТ СҰЛТАНБЕК – ЗАҢГЕР:

«Иә егер жол сызықтары өшіп қалып, сол бойынша айппұл келетін болса шағым жасап өшіртуге әр адам құқылы. Сондықтан фото-видеодәлелдемелерді ұсынып, шағым жасаса айыппұлды өшіруге міндетті госорган». Бұл ретте атқарушы орган әкімдік тарапы бар, жол полициясы басқармасы бар, жүйелі түрде жұмыс жүріп отыру керек».

Мұндай дау туындамас үшін жол таңбасының сапасы сын көтеруі тиіс. Асфальтқа жағылған бояу күнмен бірге оңып, сумен бірге сіңіп кетпеуі үшін ол қандай болуы керек? Ең алдымен жол таңбаларының көріну деңгейі мемлекеттік стандарттарға сай болуы маңызды, дейді мамандар. Дегенмен, Ұлттық сапа орталығы мердігерлер тарапынан бірқатар олқылықтарды анықтаған.

ҚУАНЫШ ТӨЛЕУХАНОВ – «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК САПАНЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Астана қаласы бойынша жол таңбаларының анық көрінуі мен жарыққа шағылысуын көру үшін 90 нан аса тексеру ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде кемінде 10 көшеде сәйкессіздік анықталды. Сол сәйкессіздіктер жойылып, қазір ол көшелерге қайтадан разметка жасалып тапсырылған болатын».

Жергілікті атқарушы органнан тез өшетін сызықтардың жайын сұрап, әңгімеге тарттық. Жауапты бөлім маманы Нұржан Әбішевтың айтуынша, таңбалардың тозуына елорданың климаты айтарлықтай әсер етеді. Қысқы уақытта қақаған аяз бен көлік дөңгелегіндегі шегелер сызықтарды сыпырып кететін көрінеді.

НҰРЖАН ӘБІШЕВ – КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ, ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

«Жол белгілері кейде ауа райы жағдайларына байланысты кепілдік мерзіміне сәйкес келмейді. Ал уақытынан бұрын өшіп қалса мердігер оларды өз есебінен жөндейді. Бұл үшін алдымен техникалық қадағалаудың қорытындысы болуы шарт. Біздің бөлім жолақтардың ұзақ сақталуының әдістерін іздейді. Халықаралық тәжірибені зерттеп отырамыз. Дегенмен, тек біздің қаламызға сәйкес келетінін табу қиын. Өйткені мұндай ауа райы барлық жерде жоқ».

Астанадағыдай аяз әлемде жоқ дегенге сену қиын әрине. Хош, әкімдік өкілінің сөзінше, жыл сайын жолдарды күтіп ұстауға, техникалық жағынан қадағалау мен таңбалауға бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жөндеу жұмыстары ауа райы қолайлы болса үздіксіз жүргізілетінін мәлімдеді. Байқағанымыз қазір Астананың қақ ортасындағы бірнеше көшеге сызықтар жағылып жатыр. Бастысы есіл еңбек пен қырау қаржы жаздағы жаңбырмен бірге жоғалып кетпесе болғаны.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар