Жетісу облысында студенттер мен науқастар бір ғимараттың ішінде сапырылысып жүр. Жастар сабаққа шыққанда, дертіне дауа іздегендер жатақханаға ағылып, ығы-жығы болады екен.
Осыдан үш жыл бұрын Ақсу аудандық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу үшін қазынадан 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Алайда құрылыс тұралап тұр. Ал белсенділер барлық құзырлы органдарға хат жазып, айта-айта шаршадық дейді.
ДАНИЯР БЕЙІСҚАЛИ, АҚСУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Біз үшінші жыл бойы Президент Әкімшілігіне egov арқылы хат жазып келеміз, қаншама рет арыз да жолдадық. Жетісу облысының құрылыс басқармасына да хат жаздық. Білмеймін, енді қанша жылға созылады. Жылда келетін, биыл әлі жоқ. Жаздың ыстық күнінде мынадай үлкен жерде 3-4 адам ғана жұмыс істеп жүр».
Жатақханада жөнді ем ала алмаған жұрт амалсыз жүз шақырым жердегі облыс орталығына сабылады. Сергелдеңге түскен көпшіліктің көкейіндегі мәселені жауапты басшылар да біледі.
САНЖАР ҚАБДЫБЕК, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Ол мердігермен біз қазір мемлекеттік сатып алу порталында келісімшартты бұздық. Өйткені олар жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс жүргізбеді. Біз келісімшартты біржақты тәртіппен бұздық, сонымен қатар ол ұйымға сотқа талап арыз жолдадық. Қазір сот процесі жалғасып жатыр».
Жауаптылардың айтуынша, жаңа мердігер жұмысқа білек сыбана кіріспек. Олар аурухананы осы жылдың күзінде халық игілігіне тапсыруды жоспарлап отыр.
Рамазан Палмағанбет