Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Жас шахматшылар әлемде көш бастады

Қарсыластарын шаң қаптырып, шахматтан әлемде көш бастаған жастарымыз бүгінде Италия төрінде бақ сынап жатыр. Өрендерімізден үміт көп. Енді олар шын мықтыға тұсау жоқ екенін дәлелдеуі тиіс. Италияның Монтесильвано қаласында жалауын желбіреткен 14, 16 және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы біріншіліктің бүгін жетінші күні. Алғашқы кезеңде басымдық танытқан отандастарымыздың аяқ алысы қалай? Жарысқа арнайы барған тілшіміз толықтырсын.

Монтесильвано – халық саны 53 мыңнан сәл асатын шағын курортты шаһар. Ел астанасы Римнен 200 шақырым қашықтықта жатыр. Адриатика теңізі жағалауынан орын тепкен бұл мекен туристер үшін ең жайлы өлкенің бірі саналады.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Біз тұрған жер – «Pala Dean Martin» конгресс-орталығы, атақты америкалық артистің атымен аталады. Өзі мұхиттың арғы жағында туып-өссе де, әкесі Гаэтано Крочетти дәл осы Монтесильваноның тумасы. Осы сәтте әлемнің әр түкпірінен жиналған ең талантты шахматшылар дәл осы ғимаратта тоғысты.

Бұл кешен талай мәрте дүбірлі доданың куәсі болған. 2023 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтсе, 2024-те 8-ден 12 жасқа дейінгі кадеттер жаһан біріншілігінде сынға түскен. Бұл жолы қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Додаға әлемнің 85 елінен 758 жас шахматшы жиналды. Бұл тізімде еліміздің 34 үкілі үміті болса, соның бірі – Елназ Қалиахмет. Әйелдер арасындағы әлем біріншілігінің ең жас жеңімпазы.

ЕЛНАЗ ҚАЛИАХМЕТ, ӘЙЕЛДЕР ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы чемпионымын. Ал осы жылы әлем чемпионатының рапидтен бірінші орын алғанмын. 2025 жылы рапид пен блицтен әлем чемпионымын, 16 жасқа дейінгі қыздар арасында.

Елназ алғашқы 4 кездесуінің бәрінде қарсыластарынан айқын басым түсті. Жерлесіміз Данис Қуандықұлының да аяқ алысы жаман емес. Білгенінен жаңылмаса, қоржынға жүлде салуы тиіс. Өйткені ол бұған дейін ойынның классикалық түрі бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанған.

ДАНИС ҚУАНДЫҚҰЛЫ, ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ШАХМАТТАН ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Бізде дайындық үздіксіз, жыл он екі ай өтеді деуге болады. Өйткені осындай жарыстарда жиі бақ сынаймыз. Бұл жолы әлемнің үздік жастары келіп отыр. Алғашқы кездесу тең аяқталды. Бірақ әлі мүмкіндік жеткілікті. Намысты қолдан бермейміз!

Данис әлемдік додаға жалғыз келген жоқ. Тақта үстіндегі тартыста тақымын қысып, қолдау көрсету үшін анасы да Апеннин түбегіне ат басын тіреген. Айтуынша, болар бала бойындағы қабілетін небәрі екі жасында байқатыпты.

ШЫНАР ӘБІЛПЕЙІСОВА, Д. ҚУАНДЫҚҰЛЫНЫҢ АНАСЫ:

Бізде бала күтушісі болды. Даниске шахматты алғаш үйреткен де сол кісі. Арада екі апта өткен соң маған: «Сенесіз бе, мен оны шахматтан жеңе алмай жатырмын», – дейді. «Мүмкін емес, мен де ойнай білемін ғой» деп өзім байқап көрдім. Шынымен де, мен оны жеңе алмадым. Одан кейін әкесі де байқады. Баланың бойындағы осы әлеуетін көргеннен кейін оны бірден шахмат үйірмесіне бердік. Міне, бүгінде ұлымыз үмітімізді толық ақтап келеді.

Чемпионатқа қатысушылардың арасында 2 халықаралық гроссмейстер, 24 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ әйелдер арасындағы 1 гроссмейстер мен 14 халықаралық үздік бар. Ұлттық құрамамыз чемпионаттың барлық алты санаттағы бәсекесінде де бақ сынап жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанның балалар-жасөспірімдер шахматы әлемдік көшбасшылардың қатарынан ойып тұрып орын алды.

РОБЕРТО МОГРАНДЗИНИ, ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ШАХМАТТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан шахмат федерациясына соңғы 5 жылдағы қол жеткізген нәтижелері үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Мен Қазақстанда өткен іс-шаралардан, сіздердің федерацияларыңыздан көп нәрсе үйрендім. Меніңше, бұл әлем чемпионатында көптеген елдер сіздердің тәжірибелеріңізден үлгі алады деп сенемін. Осындай спортшылармен жұмыс істеудің өзі біз үшін үлкен мәртебе.

Расында, қазір отандық шахматшылардың халықаралық аренадағы бәсі биік. Барлық жастағы спортшылар жылына 180-ге жуық турнирге қатысады екен. Өте тығыз кестеге қарамастан, әр додада еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Мәселен, таяуда ғана Сербияда өткен халықаралық жарыста жастарымыз 21 медаль жеңіп алса, соның 9-ы алтын. Толағай табыстар Қазақстан шахмат федерациясының ұдайы қолдауы мен жүйелі жұмысының жемісі болса керек.

ГАЛИНА АЛЬКЕШОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұған өткен жылдың қыркүйек айында Алматыда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатының нәтижесі дәлел. Сол додада біз жалпы есепте Қытай, АҚШ және Үндістан сияқты алпауыттарды шаң қаптырдық. Сондықтан бүгінде еліміздің балалар мен жасөспірімдер құрамасын әлемдегі нөмірі бірінші команда деп нық сеніммен айта аламыз. Бұл – Тимур Турловтың жетекшілігімен үшінші жыл қатарынан жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ол кісі келгелі бері нақты жүйе қалыптасып, үлкен қолдауды сезініп отырмыз.

Монтесильванодағы зияткерлер додасы 26 маусымға дейін жалғасады. Жеңімпаздар 11 кезеңнің қорытындысы бойынша анықталмақ. Десе де, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған отандастарымыздың бұл жолы да Апеннин түбегінен олжалы ораларына сенім мол.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, ТІЛШІ:

Жазғы каникул басталғанымен, бұл оқушылардың демалатын уақыты жоқ. Өйткені оларды алда дәл осындай тағы бір ауқымды дода күтіп тұр. Бұдан кейін олар Бразилияда өтетін байрақты бәсекеге дайындықтарын бастайды.

← Барлық жаңалықтар