Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Халықаралық оқиғалар: атыс, саяси шиеленіс және апаттар

Түркиядағы 2023 жылғы жойқын зілзаладан қираған Кахраманмараш қаласынан тағы да маза кетті. Бұл жолы тал түсте шаһардағы білім ордаларының бірінде оқушы өз қатарластарына оқ жаудырды. Қайғылы оқиғадан 9 адам қаза тауып, 13 тұрғын жараланды. Күштік құрылымдар арнайы операция өткізіп, қаскөйдің көзін жойды. Достарын жер жастандырған күдікті дәл осы орта мектепте білім алған. Ол әкесінің қару-жарағын ұрлап шығып, сұмдық қылмысқа барған. Ал күдіктінің әкесі зейнеттегі полиция қызметкері екен. Сондай-ақ, білім ошағының бір педагогы оқушыларының өмірін сақтаймын деп, оққа ұшқан. Жас мұғалімнің ерлігіне тәнті болған тұрғындар марқұмды мемлекеттік марапатқа ұсынғалы отыр. Айта кету керек, бұл Анадолыдағы соңғы тәуліктегі екінші атыс. Бұған дейін елдің Сиверек қаласындағы лицейде де мектеп оқушысы қатарластарына оқ атып, 16 адамды жарақаттаған.

ЕРДОҒАН ИЗРАИЛЬГЕ ШҮЙЛІКТІ:

Таяу Шығыстағы кикілжіңге Түркия да араласуы мүмкін. Анадолы көсемі Режеп Тайып Ердоған Израильге қарсы арнайы операция өткізуі ықтимал. Түркия басшысы Нетаньяхуды ашық айыптап, халықаралық қауымдастықтан Таяу Шығыс елдерінің мазасын алмауды сұрады. Бұл қатарда Палестина да бар. Өйткені Израильдің Ливанға соққы беруінен Бейруттің 1 млн-нан астам халқы баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған. Ал еврейлер дәл осы бейбіт тұрғындардың үйлерін талқандап жатқан көрінеді. Арнайы жиында қатқыл мәлімдеме жасаған Ердоған, ескертуді елемеген Израильді тәубесіне келтіруге дайын екенін жеткізді. Түркия президенті Ливия мен Қарабақ мәселелерін шешкендей, Иерусалимге де басып кіруге толық мүмкіндігі бар екенін меңзеді.

ТРАМПҚА СОТ ЖОҚ ПА?

Дональд Трампқа әзірге ешкім қарсы келе алмай тұр. АҚШ-тың Конгресі Ақ үй басшысының алдында дәрменсіз екенін көрсетіп қалды. Олар Трамптың Иранға қатысты мүмкіндіктерін шектей алмады. Бұған дейін президентке импичмент жариялаймыз деп шулаған сенаторлар, жеме-жемге келгенде Трамптың алдында жұмған ауыздарын аша алмады. Ал Сенат АҚШ президентіне қатысты резолюцияны қабылдаудан бас тартты. Себебі ұсынысты 99 сенатордың тек 47-сі қолдап дауыс берген. Арнайы операция басталған күннен бастап Трампты айыптап жүрген азшылық көшбасшысы Чак Шумер республикалықтарды райынан қайтып, қарарды қолдауға шақырды. Себебі соғыстың басталғанына 48 күн өтті, ал бейбітшілік туралы келісім ақыры тығырыққа тіреліп тынды.

250 АДАМ ЖОҒАЛЫП КЕТТІ:

Үнді мұхитында 250 адам із-түссіз жоғалып кетті. Олар Бангладештен Малайзияға жақсы өмір іздеп бағыт алған еңбек мигранттары екен. Ал адамдар мінген қайық қатты жел мен асау толқынға төтеп бере алмай, аударылған көрінеді. Кейін Малайзияның жағажай күзеті бірнеше тәулік бұрын теңізден 9 адамды құтқарып қалғаны белгілі болды. Әупірімдеп тірі қалғандар қайықтарының апатқа ұшырағанын растаған. Оларға белгісіз адамдар Малайзияда жалақысы жоғары жұмыс ұсынған екен. Мигранттар ашық теңізде кеменің бөлшектерін қалқан етіп, жағалауға әрең жеткен. Төтенше оқиғадан бері бірнеше күн өтсе де жоғалған адамдар әлі табылмады. Сондай-ақ, шағын қайық та суға батып кеткен.

Қайыркен Отыншы

 

← Барлық жаңалықтар