Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Депутаттар Ыстанбұлда жүр

Бейбітшілік пен әділдік – болашақ ұрпақ үшін! Түркия төрінде жаһанның 150-ден астам елінің делегаттары бас қосып, келешектің бағдарын талқыға салды. Парламентаралық одақ ассамблеясының бел ортасында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутаттар да жүр. Жаһандық саммитте мінберден сөйлеген Палата төрағасы қазіргі геосаяси ахуалдың тәуекелдеріне тоқталды. Бүгінде адамзат халықаралық құқықтың беделі әлсіреп, қақтығыстар шиеленіскен тұрақсыз әлемде өмір сүріп жатыр. Мұндай алмағайып кезеңде парламенттік дипломатияның рөлі арта түседі, – деді ол.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Бүгінгі пікірталасымыздың негізгі тақырыбы – әділдік, әділеттілік ұғымы. Расында да, бүгінде бүкіл әлемде әділдікке деген сұраныс өте жоғары. Осы сұранысқа жауап ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруды өз мандатының басты мақсаты ретінде бекітті. Таяуда референдум арқылы жаңа Конституция қабылдануы – мемлекеттік институттарға, Президент реформаларының бағдарына деген сенімнің дәлелі».

Мәжіліс спикерінің айтуынша, бүгінде әлем назары Орталық Азияға ауған. Өйткені өңірдегі бауырлас елдер үйлесімді және көпвекторлы дипломатияның үлгісін көрсетуде. Аймақтағы мемлекеттер арасында шекара мәселесі толық реттеліп, гидроэнергетика, көлік, логистика салаларында ортақ ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатыр. Сол жұмыстың бәріне Қазақстан Парламенті де тікелей атсалысуда, – деді Ерлан Қошанов. Саммит аясында Мәжіліс спикері Түркия, Қырғызстан және вьетнамдық әріптестерімен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар