Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Жол апатынан 11 адам зардап шекті

Тойдан қайтып келе жатып, ауруханаға түсті. Талдықорған маңындағы трассада жүк көлігі мен шағын автобус соқтығысып, 11 адам зардап шекті. Полицияның мәліметінше, апатқа ауыр техниканы тізгіндеген жүргізуші кінәлі көрінеді. Ол кері бұрылмақ болғанда төңірегінің таза екеніне көз жеткізбеген. Сөйтіп, қарсы бағытта келе жатқан көліктің бүйірінен соққан.

Соққының жойқындығынан шағын автобустың есіктері қирап, жолаушылар құрсауда қалған. Кейбірін шығарып алу үшін құтқарушылар арнайы құралдарды пайдаланған. Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қазіргі таңда 8 адам ауруханада жатыр. Жансақтау бөліміндегі 5 кісінің екеуінің жағдайы өте ауыр, үшеуінікі ауыр екен. Ал травматологиядағы екі ересек адам мен хирургия бөліміндегі 3 жасар баланың ахуалы орташа. Айта кетерлігі, зардап шеккендердің бәрі тойдан шығып, Алакөл жаққа бара жатыпты. Жол апатына қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Үсен Астана

← Барлық жаңалықтар