Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Жарылыстан 5 бөлмелі үй қирап қалды

Алматы облысында газ жарылып, бір отбасы далада қалды. Жарылыс салдарынан кірпіштен салынған үйдің төрт қабырғасы құлап қалған. Көршілері шошып оянған. Апаттан төрт адам зардап шекті, оның үшеуі балалар. Алдын ала болжам бойынша, газ жер асты құбырынан тараған. Алайда газ таратушы компания кінәсін мойындамай отыр.

ҰЛАН ТӘЛІПБАЙ, ТІЛШІ:

Жарылыс болған сәтте отағасы сыртта жүрген. Гүрс еткен дыбыстан үйдің шатыры ұшып, қабырғалары опырылып түскен. Қазір тек іргетасы ғана қалған.

Самат Жайылханов таңғы 5:30 шамасында баласын оятып, өзі сыртқа шыққан. Ұлы шай қоймақ болып сіріңке жаққан сәтте жарылыс болған. Бір сәтте үй қирап, әйелі мен үш баласы үйінді астында қалған.

САМАТ ЖАЙЫЛХАНОВ, ЕКПІНДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Барсам, әйелімді шатыр басып қалған. Әрең шығарып алдым. Үй ішінде үш ұлым қалып қойған еді.

Балалардың бірі жамбасын сындырып, екеуі күйік алған. Олар алдымен аудандық ауруханаға жеткізіліп, кейін Алматыға ауыстырылған. Дәрігерлер жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты екенін айтады.

САМАТ ЖАЙЫЛХАНОВ, ЕКПІНДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Екінші ұлымның жағдайы ауыр — беті мен денесі күйген. Кішісінің де беті күйіп, мұрны сынған.

Жарылыстан кейін көршілер жер астынан газ шығып жатқанын байқаған. Дегенмен газ таратушы компания нақты себепті айтпады.

ЕРЛАН ҚҰМАШЕВ, «АЛМАТЫГАЗСЕРВИС-ХОЛДИНГІ» АҚ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Газ шыққан жерді ауыстырамыз, содан кейін ғана қайта қосамыз. Себебі әзірге нақты белгісіз.

Қазір зардап шеккен отбасы туыстарын паналап отыр. Жергілікті әкімдік пен ауыл тұрғындары көмек көрсетуде.

БАҚЫТ ТӨРЕЕВ, АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Аудан әкімдігі тарапынан көмек ұйымдастырылып жатыр. Біржолғы жәрдемақы қарастырылған.

Оқиғаға қатысты тексеріс жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша шешім қабылданады.

Ұлан Тәліпбай

← Барлық жаңалықтар