Кейінгі бес жылда қазақстандықтар зейнетақы жинағынан 5 трлн теңге шешіп алған. Егер осылай жалғаса берсе, зейнетақы қоры дұрыс жұмыс істей алмайды, қаражат жиналмайды. Үкіметте өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осылай деді. Жиында журналистер зейнетақы жинағының жеткілікті шегіне қатысты қандай өзгерістер болатынын сұраған еді. Асқарбек Ертаев бұл мәселе осы айда күн тәртібіне енгізілгенін айтты. Ал жеткілікті шектің қаншаға көтерілетіні келесі айда белгілі болады. Оның сөзінше, зейнетақы қорында қалуға тиіс мөлшерді инфляцияға байланысты 10 пайызға өсіру жөнінде ұсыныстар болған. Ведомство басшысы мұның бәрі азаматтардың болашақтағы табысын қамтамасыз етудің жолы деп отыр.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Өткен бес жыл ішінде біз талдау жүргіздік. Азаматтарымыз 5 трлн теңгені зейнетақы қорынан шешіп алды. Несие бар, ем бар деген сияқты. Бірақ алдағы бес жылда тағы да солай 5 трлн теңгені шешіп тастаса, жинақтау қорының принципі жұмыс істемейді. Жиналмайды ол ақша. Сол себептен азаматтар өзінің болашағын ойлауы керек. Біздің мақсатымыз – қордан аз шешу, көп жинақтау.
Маржан Нүсіпбек