Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Моңғолияға тікелей әуе рейсі ашылады

Ақордада әлем елдері көшбасшыларын қабылдау одан әрі жалғасып жатыр. Бұл жолы республикамызға Моңғолия басшысы Ухнаагийн Хурэлсүх мемлекеттік сапармен келді. Моңғолияның алтыншы президенті әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге арнайы ат басын бұрды. Мәртебелі мейманды дәстүрге сай Ақорда төрінде құрмет қарауылы қарсы алды. Артынша қос президент министрлер кабинетінің мүшелерімен танысты. Ресми шарадан соң екі елдің делегациялары шағын құрамда келіссөздерді бастады. Нәтижесінде қос тарап бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Бұдан былай Астана мен Ұлан-Батыр қалаларын жалғайтын тікелей әуе рейстері қайта жанданатын болды. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолиямен серіктестік көкжиегін дамытуға үлкен мән беретінін айтты. Президенттің сөзінше, қазақ пен моңғол ұлты Еуразия кіндігін мекендеген ежелгі көшпелі халықтың ұрпақтары.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз. Көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда.

Қайыркен Отыншы

← Барлық жаңалықтар