Сән әлемінің белді брендтері мен пиццаның отаны саналатын Италия мемлекеті еліміздің Еуропадағы ең сенімді серіктестерінің біріне айналды. Аппенин түбегінің өкілдері Қазақстанмен сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға ниетті. Бүгін елордада шетелдік меймандардың қатысуымен ауқымды шара басталды. Италия–Қазақстан форумына бизнестің белді мүшелері арнайы шақырылды. Ал біздің «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниялары италиялық ірі ұйымдармен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ басқосуда Астана мен Рим арасындағы тауар тасымалдау, индустриялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бұл маңызды кездесудің іргетасы 2024 жылы Милан қаласында қаланған екен. Содан бері екі тараптың бизнес өкілдері 3 рет жиын өткізіп, маңызды құжаттарға қол қойып үлгерді.
ОЛЖАС ШИНТАЕВ, ҚАЗАҚСТАН–ИТАЛИЯ САУДА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Барлық деңгейде бизнестің арасында да, өздеріңіз көрдіңіздер, ынтымақтастық өте жоғары деңгейде. Бірнеше жоба қазір жоспарланып отыр. Ол – жергілікті өндірісті күшейту. Яғни жаңа технологиялармен жабдықтау, жаңа өндірістік күштерді тарту сынды барлық мәселелерді қамтиды. Италия Қазақстанның үшінші тұрақты серіктесі. Сол себепті барлық деңгейде сауда бар жерде инвестиция бар.
Ал форумға бас-аяғы қос тараптан 350 делегат арнайы шақырылған. Олардың басым бөлігі Италиядан келген кәсіпкерлер. Аппенин түбегінің ірі өндіріс ошақтары мен орта және шағын бизнес өкілдері отандық кәсіп иелерімен бірлесіп, арнайы жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұдан бөлек, Италия елімізбен сауда-саттықты дамыту арқылы Орталық Азия нарығына да шығуды көздейді.
Қайыркен Отыншы