Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Киіктер жаппай қырылып жатыр

Атырау облысында киіктер жаппай қырылып жатыр. Құрманғазы ауданында 800-ден астам дала жануарының өлексесі жойылды. Шаруа қожалықтарының иелері өлген ақбөкендер дер кезінде жиналмаса, қауіпті індет тарауы мүмкін деп алаңдаулы. Себебі жайылымда жүрген төрт түлікке киік денесіндегі кесел мен өзге де зиянкестер жұғуы мүмкін.

РАМАЗАН ҚОЖАНОВ, ШАРУА:

Бізге киік малымызға жайылым бермей тұр. Сосын ауру тарап жатыр. Жер-жерде өліп жатыр. Мал сол жерге барып жайылады. Үстерінде кене бар. Ол адамға да тарап жатыр.

Аймақтың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, бұған дейін Батыс өңірден Құрманғазы ауданына шамамен мыңға жуық киік қоныс аударған. Қазіргі таңда ауданда олардың саны 15 мыңға жуық. Сондай-ақ жауапты мамандар ақбөкендердің өлімі паразиттерге байланысты емес екенін мәлімдеді.

АЛМАЗ ТАПАЛОВ, «ОХОТЗООПРОМ» РМК БАТЫС ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алгоритм бойынша «Охотзоопром» мекемесі, жергілікті атқарушы органдар, ветеринарлық қызметкерлері, полиция қызметкерлерімен бірге шара жүргізіледі. Биыл 623 бас өздігінен өлген киік утилизацияланып, жойылды.

Жауаптылар жиналған киік өлекселері жедел түрде өртеліп, көміліп жатқанын атап өтті. Індеттің таралмауы үшін барымызды саламыз, – дейді мамандар.

Рамазан Палмағамбет

← Барлық жаңалықтар