Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Орталық Азия елдері экология мәселесімен қалай күреспек?

Астанада Орталық Азиядағы ең ауқымды экологиялық саммит өтіп жатыр. Халықаралық маңызы бар іс-шара аймақ елдерінің экожүйесін қорғау, су және жер ресурстарын тиімді пайдаланудағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған. Дәл бас қаладағы басты жиын өтіп жатқан конгресс орталығынан әріптесім Бердібек Қарынбай тікелей байланысқа шықты. Бердібек, диалог алаңында қандай бастамалар айтылды? Аймақ елдері мәселемен қалай күреспек?

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Иә, Ғалым, рахмет! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен диалог алаңына тоғыз мемлекеттің басшысы, жиырмаға жуық елдің делегациясы жиналды. Мақсат ортақ, мүдде бір. Ол – адамзатты алаңдатқан мәселені еңсерудің жолын табу, оңтайлы шешімдер іздеу. Өйткені әлемде экологиялық ахуал өте күрделі. Көлдер құрғап, қуаңшылық жайлап, климат көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Төрткүл дүниені алаңдатқан түйткіл Орталық Азияны да айналып өтпейді. Себебі аймақтағы мемлекеттер теңізге тікелей шыға алмайтындықтан, мұнда су тапшылығы, шөлейттену, трансшекаралық өзендерге тәуелділік мәселесі өзекті. Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи тепе-теңдікті сақтаудың маңызына тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды. Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Диалог алаңында баламалы энергия көздерін дамыту тетіктері де талқылануда. Жалпы үш күнге жалғасатын жиын қорытындысында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 51 құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 2 млрд АҚШ долларынан асатын 6 инвестициялық жобаны бекіту көзделген. Жалпы алғанда, бұл шара аймақ елдерінің бірлігін нығайтып, дамуға ұмтылысын айқындайтын маңызды сәт деуге болады. Ал бүгінгі саммиттің негізгі басымдықтары туралы «Басты жаңалықтарда» толығырақ баяндаймын. Ғалым, әзірге бар ақпарат осы.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар