Дубайға жұмыс істеуге барған отандасымыз Ернұр Алмахан өмір бойына сотталып кетті. Қазір оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың сөзінше, ол ауыр қылмыстар жасаған. Бірақ нақты не үшін істі болғанын ашып айтпады. Белгілісі, жерлесіміз үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Сол себепті әзірге оны Қазақстанға қайтару жайында сөз қозғауға ерте. Алдымен сот процесі толық аяқталуы керек. Барлық шара Біріккен Араб Әмірліктерінің заңнамасына сәйкес жүргізіледі, деді Бақаев. Бұл іспен адвокаттар мен Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы айналысып жатыр.
ӘЛІБЕК БАҚАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ғана экстрадиция мәселесі қарастырылуы мүмкін. Сол кезде ғана тиісті процестер басталады. Қазақстан көптеген елдермен осындай келісімдерге қол қойған, соның арқасында азаматтарымызды елге қайтаруға мүмкіндік бар. Іс бойынша ауыр құқық бұзушылықтар жасалған, сондықтан егжей-тегжейіне тоқталғым келмейді. Барлығы сот шешімінде көрсетілген. Бас консулдық өз тарапынан міндетті түрде тиісті қолдау көрсетеді, өйткені бұл – біздің азаматымыз.
Нұрай Құрақпай