Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Сыйлық алған депутаттар балаша қуанды

Бүгін Таразға мейман болып келген бір топ мәжілісмен атысты. Қарумен емес, халықаралық көрмеде бір-бірімен сый-сияпат жасап жарысты. Депутаттар әріптесіне айыр қалпақты ағайынның бас киімін сыйласа, енді бірі су қаруын тарту етті.

Ұлттық стиль, жақсы энергия, нағыз вайб — бәрі бүгін осы жерде! Қолөнершілердің халықаралық көрмесі түс ауа басталғанымен, бірден қыза түсті. Көршілес үш мемлекеттен келген 30-дан астам шебер мен ел ішіндегі іскер азаматтардың қолөнер бұйымдары көпшілікті әп-сәтте баурап алды.

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Бұл жай ғана көрме емес, ұлттық өнердің қайта жаңғыруы. Неге десеңіз, мұнда әр туындының тарихы, әр шебердің өзіндік қолтаңбасы бар. Көрмеге келген көпшілік те қызығып қарап қоймай, өздеріне ұнағандарын сатып алып жатыр.

АЙДАЙ ҚАЛМАТОВА, ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНЕН КЕЛГЕН ШЕБЕР:

Біздің қалпақтар таза киізден жасалады. Барлығын өзім тігемін, ою-өрнекті де өзім саламын. Ал жүнді қылшықты қырғыз қойларынан аламын. Ерекше бас киімдерді тек қырғыздар емес, басқа ұлт өкілдері де қызығып алады. Бүгінде тараздықтар жаппай сатып алды.

Халықаралық іс-шараға мейман болған мәжіліс депутаттары да құр қарап қалмады. Қырғыздардың қалпақтарына қызығып, бір-біріне тарту жасады. Киізден жасалған бас киімді мәжілісмендер костюмдеріне үйлестіріп, көрме біткенше тастамай киіп жүрді.

Сыйлық алған халық қалаулылары балаша қуанды. Жүздері жадырап, езулерінен күлкі кетпей, әріптестеріне қайта-қайта рақмет айтып жатты. Көрініс көпшіліктің де көңілін көтеріп, ерекше әсер қалдырды.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазақ өзі қонақ, мейман сыйлаған халық қой. Мұқаш Ескендіров деген әріптесім осы басымызға кигізді де, өзі төлеп тастады. Қанша төлегенін де байқап үлгермедім, шынымды айтсам.

Депутаттар өткен жылы іскер азаматтарды қолдау бағытында заң жобасын әзірлеп, Үкіметке ұсынған. Алайда ол қолдау таппай, сол күйі қалып қойған. Шеберлерге жәрдем бермесек, бұл іспен ешкім айналыспай қалуы мүмкін, деп отыр. Сондықтан қолөнершілерге арнайы мәртебе берілуі қажет дейді мәжілісмендер. Гүлдара Нұрымова да халықаралық көрмеге өз үлесін қосып, Тәжікстаннан келген қонақтардан тұрмыстық бұйымдар сатып алды.

ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазіргі қолөнершілер соңғы ұрпақ болмауы үшін біз барлық үгіт-насихат жасауымыз керек. Жастарды тартуымыз керек. Қолөнершілер кәсіпкер емес, олар креативті индустрияға да жатпайды. Оларға арнайы заң керек.

Төрт мемлекеттің басын қосқан шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Облыс өнерпаздары ән айтып, күй шертті. Ақ жаулықты әжелеріміз де қалыспай, өнер көрсетті.

Дәурен Доғдырбай

← Барлық жаңалықтар