Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Жасанды интеллект орталығы ашылды

Астананы енді жасанды интеллект басқарады. Президент пәрменімен қаланың интеллектуалды инфрақұрылымын реттейтін жаңа буын Smart city жобасы іске қосылды. Бұл бірыңғай AI-платформа деректер мен жүйелерді қас пен көздің арасында біріктіріп, алып шаһарды басқаруды тиімді етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада ашылған Халықаралық жасанды интеллект орталығының лентасын өзі қиып, болашақ технологияларды игеру, стартаптар мен білім беруді заман талабына сай етудің маңыздылығын айтты.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Осыдан 10 жыл бұрын іргетасы қаланып, халықаралық қауымдастық назарын өзіне аударып, ірі көрме өткізген ЭКСПО қалашығы енді жаңа технологияның ордасына айналады. Кешеннің шар тәрізді басты ғимараты жасанды интеллект технологиясының барлық мүмкіндігін паш етеді. Мұнда цифрлық тоннель орналасқан. Осы жерден әр адам өзінің сұлбасын анық көре алады. Осыған қарап-ақ, жаңа технология заманында цифрлық ізді әр адам қалдыратынын байқауға болады.

Бұдан былай елімізде нейрожүйе кешендері де жұмыс істейді. Әлем елдері жасанды интеллект министрін тағайындап жатқанда, Қазақстан бір жылдың ішінде ауқымды орталық салып үлгерді. Енді бұл технологиялар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналмақ.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Alem AI – халықаралық жасанды интеллект орталығы. 8 бөлімнен тұрады, жалпы аумағы 22 мың шаршы метр. Бір жыл ішінде толық жөндеуден өтті. Мұнда балалар мен студенттерге арналған сабақтар өтеді. Жасанды интеллект пен цифрландыру бойынша 11 бағыт бар.

Орталықтың лентасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қиды. Мемлекет басшысы жаңа технологияларды игеру – уақыт талабы екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жасалды. Цифрлық кодекс қабылданды. Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Таяу арада «Digital Kazakhstan» стратегиясы бекітіледі. Биыл елімізде цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар.

Елімізде криптотөлемдер дәуірі де басталды. Мемлекет басшысының alem.ai орталығына сапары кезінде цифрлық активтер арқылы алғашқы сатып алу жүзеге асырылды.

НҰРХАТ КУШИМОВ, «BINANCE KAZAKHSTAN» БАС МЕНЕДЖЕРІ:

Криптовалютамен төлем жасау өте оңай. Әмияныңыздағы қаражатты ұлттық валютаға айналдырып, қалаған тауарыңызды сатып алуға болады.

Жасанды интеллект Ішкі істер органдарының жұмысын да жеңілдеткен. Ақылды камералар жүргізушілердің жағдайын бақылап, құқық бұзушылықтарды анықтауға көмектеседі.

СӘКЕН СӘРСЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Камералар 8 сағаттан астам рөлде отырған жүргізушілерді анықтайды. Жыл басынан бері 176 мың заң бұзушылық тіркелді. Бұл жүйе айыппұл салу үшін емес, апаттардың алдын алу үшін қажет.

Жаңа орталық балалардың да дамуына жол ашады. Мұнда мектеп оқушылары жасанды интеллект, бағдарламалау және робототехника бағытында тегін білім ала алады.

АЙНҰР ҚУАНЫШБАЕВА, «TUMO ASTANA» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

Балаларды 11 бағытта тегін оқытамыз. Бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект – барлығы қамтылған. Қабылдау ешқандай іріктеусіз жүргізіледі.

Жалпы, Қазақстан цифрлық даму бойынша жаһандық трендтен қалыс қалмай келеді.

Қайыркен Отыншы

← Барлық жаңалықтар