Мазмұнға өту
· 22 қаралым

Ерекше балалар жүгірді

Оларға әр аттаған қадамы мен шыққан биігі маңызды. Астанада аутист жандарға арналған Run for Autism деп аталатын марафон өтті. Қатысушылар даму бұзылыстары бар 100-ден астам адаммен бірге жүгіріп, ерекше жандардың қоғамға араласуына мүмкіндік берді. Әрі оларды бағып-қағып отырған ата-аналардың көңіліне үміт отын ұялатып, өмірге деген құштарлығын оятты. Себебі аталған жоба аутизмді қолдау үшін қаражат жинауға бағытталған. Яғни сіздің төлеген әр жарнаңыз тамшыдай болса да бастаманың жандануына, ерекшелігі бар адамдардың болашағын жарқын етуге жұмсалады. Бұл жолы жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар келген.

ӘЛИЯ ӘЛІМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өмірдің өзі күрес қой. 15 жыл болды. Қаншама қиындықтан өттік. Бұл деген бізге өте жеңіл. Ең алдымен ниет болуы керек деп ойлаймын. Біздің ниетіміз дұрыс. Аутизмді, РАС-қа шалдыққан балаларды барлық ел біліп, мойындауы керек.

КҮЛАНДА АТЧИБАЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ерекше бала бағып отырған ата-ана ретінде өте қуаныштымын. Себебі біздің баламыз мектепке барған жоқ. Мектепте отыруды білген жоқ. Бірақ қоғамға осылай араласып, осындай шаралар өткізіліп, қоғамға араласуға атсалысып жатқанына өте ризамын.

Аталған жоба елімізде 3 жылдан бері өтіп келеді. Осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам адам ниет білдіріп, 42 млн теңгеге жуық қайырымдылық қаражаты жиналған. Бұл қаржыға Астана мен Қостанай өңіріндегі балабақшаларда, мектептерде және колледждерде 25 инклюзив кабинет ашылған.

Маржан Нүсіпбек

← Барлық жаңалықтар