Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Екі зейнеткер балалар алаңын тегін тазалап жүр

Ақтөбеде ерекше екі жан бар. Олар таңның атысы, кештің батысы елді мекендегі аумақты тазалап, бүлінгенді жамап-жасқап жүреді. Әрі ол үшін ешкімнен ақы сұрамайды, жасағанын міндет қылмайды. Көпке үлгі болатын ерлі-зайыпты зейнеткерлермен тілшіміз Ақбаян Сұлтанмұратова тілдесіп қайтты.

Таң бозарып атқанда, ел ұйқыда жатқанда Жақсан аға мен Жәния апаға тыным жоқ. Бірі құрал-сайманын алып, екіншісі қолына сыпырғысын алып, ойын алаңын тазалауға кіріседі. Ерлі-зайыптылар Ақтөбенің іргесіндегі «Тұран» елді мекеніне көшіп келгеніне бес жылға таяған.

ЖӘНИЯ ЕРНИЯЗОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

2023 жылдан бастап осы жерді қарап отырмыз. Талымызды егіп, арамшөбімізді жұлып, үстін тазалап, осы жердің кеткен жерінің бәрін отағасы балам екеуі дәнекерлейді. Келінім екеуміз тазалығын өз үйіміздей қылып қарап отырмыз.

Жәния апайдың сыпырғысы қолынан түспейді. Титтей қоқыс жатса жинап алады. Темекінің тұқылын тастамасын деп үнемі терезеден бақылап отырады. Ал Жақсан аға ойын алаңындағы сынған орындық пен бүлінген құрылғылардың бәрін жөндеп қояды. Бірақ зейнеткерлер бұл еңбегін ешқашан пұлдамаған. Керісінше, туған жеріне жанашырлықпен қарайды. Зейнетақыларына тал-терек сатып алып, өздері отырғызған.

ЖӘНИЯ ЕРНИЯЗОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Шаршаймыз, бірақ осы шаруаны істеген кезде жақсы болып жатқанын көріп қуанамыз. Бірдеңесі сынып қалса, ішім ашиды. Ал бәрін жөндеп қойғаннан кейін көңілім толады.

ЖАҚСАН ӘБДЕНОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Үкіметтің мүлкін қорғау керек, бүлдірмеу керек. Кейінгі балаларға сабақ болуы керек. Ертең балалар да үйренеді. Немеремнің өзі қоқыс жатса, алып барып орнына салады.

«Тұрандағы» бұл спорт және ойын алаңы «Халық қатысатын бюджет» жобасымен салынған. Жақсан аға мен Жәния апа секілді тұрғындардың жанашырлығының арқасында алаңқай тап-тұйнақтай күйінде сақталып тұр.

БАЯНБЕК ҚЫРЫҚБАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АСТАНА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өткен жылы 57 өтініш келіп түсті. Соның 44-ін жүзеге асырып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға бердік. Биыл да 97 өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда іріктеу кезеңі жүріп жатыр.

«Отан отбасынан басталады» деген сөздің нақты үлгісі – осы ақтөбелік зейнеткерлер. Олардың еңбегі көпке өнеге.

Ақбаян Сұлтанмұратова

← Барлық жаңалықтар