Алматыда бойжеткенді подьезде жұлқылап, лифтіде басынан ұрған адам ұсталды! Подьездге ашуланып кірген адуынды жігіт әуелі қабырғаны теуіп, жедел сатының тетігін жұдырықтаған. Мына кадрлардан лифті тез келе қоймаған соң, жанында тұрған қос қызға тиіскенін байқауға болады. Бірінің шашынан тартып, басын жұлқылаған. Күдіктімен қыздар лифт ішінде де сөзге келген сыңайлы. Қыздардың біріне әкіреңдеп, тағы да басымен соққаны анық көрінеді. Полиция айналасына зәрін шашып, ісініп жүрген 26 жастағы азаматты ұстапты.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫНАН:
Аталған дерек бойынша Алатау ауданы ПБ жанындағы полиция бөлімімен жедел түрде тиісті шаралар қабылданды. Дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің әрекеттеріне ҚР Қылмыстық заңнамасы аясында жан-жақты құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Гүлнәзия Мейірханқызы