Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Алаңдатқан аттестация

Аттестация алынып тасталды дегенді естіген кейбір мұғалімнің төбесі көкке бір елі жетпей жүр. Оқу-ағарту министрінің сүйінші жаңалығы ұстаздардың жүгін жеңілдететіні рас. Дегенмен, сарапшылар білім сынағын алып тастау педагогтердің біліктілігін төмендетіп, оқушылардың сауаттылығына кері әсер етуі мүмкін деп ескертеді. Ал аттестацияның баламасы ретінде ұсынылған ашық сабақ пен мақала жазу секілді талаптар кәсіби деңгейді толық көтермейді деген пікір бар.

Құрметті ұстаздар, сіздерге арналған сүйінші жаңалықпен бөлісемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен ұстаздардың пәндік бақылау тесті тоқтатылды!

Түн ортасында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі барша педагог қауымынан сүйінші сұрады. Мұғалімдердің бөркін аспанға ататындай жөні бар. Өйткені бұдан былай ұстаздар біліктілік санатын бекіту үшін пәндік бағалау тестін тапсырып, бас қатырмайды.

ЗЕЙНЕП МАҚСҰТОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ БЕРУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жаңа форматтағы аттестация мұғалімнің негізгі жұмысына бағытталған. Егер қазіргі аттестация педагогтерді тек қадағалау болса, ендігі біздің мақсатымыз қадағалау емес. Керісінше, педагогке кәсібилігін әрі қарай дамытуға көмектесіп, әдістемелік жұмыс арқылы қосымша көмек беру.

Мұны былай түсінген абзал: тест жойылғанымен, мұғалімнің шеберлігін айқындайтын өзге талаптар күшейді. Енді әрбір маман өз жетістігін жіпке тізген жеке портфолиосын сауатты жинақтауы тиіс. Бұған қоса, жаңа ережеге сай, ұстаздар алған санатына қарай ашық сабақтар өткізуге міндеттелді. Ол онлайн және офлайн форматта болуы тиіс. Сондай-ақ баламен жұмыс тек тақта алдында шектелмейді. Енді ұстаздың сыныптан тыс шараларды қалай ұйымдастыратыны да жіті тексеріледі. Одан бөлек, министр кімдердің тесттен босатылмайтынын түсіндіріп берді.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Педагог мамандығына ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келе жатыр. Олардың білім деңгейін білуіміз керек. Осы жаңа ұстаздар 2 жылдан кейін педагог-модератор біліктілік деңгейіне өздерінің аттестацияға қадам басқан кезінде, яғни педагог біліктілік тестін тапсырады.

Сондай-ақ ведомство басшысы емтиханнан құлап, ақылы негізде екінші мәрте тапсыруға өтініш беріп, ақшасын төлеп қойғандардың қаражаты толық қайтарылатынын айтты. Десе де, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары үшін тест сақталып қалды. Сонымен қатар жұмыстан шығып, араға уақыт салып, мектепке қайта оралған мамандар да емтихан тапсыруы тиіс. Шыны керек, министрдің бұл реформасы білім саласында қызу талқыланып жатыр. Әсіресе көп жылдық тәжірибесі бар ұстаздар бұл жаңалықты қуана қабылдаған.

ТҰРҒАНАЙ ОРАЗБАЕВА, МҰҒАЛІМ:

Енді 30 жыл, 25 жыл іс тәжірибесі бар ұстаздың 5 жыл сайын тест тапсырып, біресе құлап, біресе денсаулығына зиян келіп жатады. Мен оған тікелей қарсымын. Биылғы министрдің осы тесті алып, жағдай жасап жатқанына мен өте ризамын. Содан кейін барып балалардың білім деңгейіне қарап бағаланса деп ойлаймын. Сыныптан тыс шараны өткізе береміз. Бірақ оны 1 жылда өткізу мүмкін емес. Негізі, шындап айтқанда, әр ұстаз оны жасай алады.

Десе де, Жұлдыз Сүлейменованың бастамасына сын көзбен қарайтындар да жоқ емес. Сарапшы Нұрлан Қиясов тесті толық алып тастау білім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін деп отыр. Оның ойынша, ең дұрысы мазмұнын заманауи талапқа сай өзгерту керек еді.

НҰРЛАН ҚИЯСОВ, САРАПШЫ:

Бұл жүйені, мақала жазуды, ашық сабақ дегенді өзіміз білеміз ғой. 90-жылдан бері қандай ашық сабақ екенін. Оның көбісі өтірік, жалған. Ашық сабақ бір бөлек, негізгі сабақ бір бөлек. Ол ашық сабақты бағалайтын адам кім? Ол жалған баға қоймай ма? Идеялары жақсы. Бірақ ең басты сұрақ – қалай жүзеге асырады? Мен бұған шамалы сеніңкіремеймін.

Айта кетейік, бұған дейін педагогтер елу сұрақтан тұратын тест тапсырып, кемінде отызына дұрыс жауап бермесе, сынақтан өте алмайтын. Бұл талап көп ұстазды күйзеліске түсіріп, ұзақ дайындықты қажет ететін.

НҰРСҰЛУ АЗАТҚЫЗЫ, МҰҒАЛІМ:

Бір күндік тестің нәтижесімен мұғалімнің жалпы біліктілігін анықтау дұрыс емес. Өйткені ол күні ол кісі қандай жағдайда болды, отбасында қандай жағдай болды, қандай көңіл-күймен келіп тест тапсырды – біз білмейміз ғой. Сондықтан күнделікті істеген жұмысы, яғни балалармен жұмысы бағалануы керек.

Ал болашақ ұстаздар ескі жүйеден де, жаңа реформадан да қорықпаймыз деп отыр. Себебі кәсіби сұрыптаудың болуы қалыпты құбылыс деп қабылдайды екен.

МЕЙРАМБЕК ТЕҢЕС, СТУДЕНТ:

Қазіргі уақытта тек студенттік адамдарға немесе мұғалім болмағандарға неге квалификациялық тест тапсыру керек? Өйткені олар әлі мұғалімдік бағытты, болмаса ресми педагог деген атақты алмағаны үшін олардың тапсыруы әрқашан заңдылық деп айтуға болады. Тесттердің санын азайтып, сапаға жұмыс жасап жатқанын білдіретін секілді. Менің ойымша, тәжірибесі көп мамандар осы үшін қуанып жатыр.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Тіс қаққан мұғалімдер үшін тест келмеске кетті дейді. Ендігі кезек – шынайы шеберлік пен жаңа талаптарда. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Балаға үйрететін нәрсені, алдымен өзің жақсы білуің керек» деген еді. Демек, ұстаздың нағыз деңгейі енді тест орталығында емес, оқушының парасаты мен өткізген әрбір сабағымен өлшенбек.

← Барлық жаңалықтар