Бүтін бір ауылды жұмыспен жарылқаған Беларусь қызы. Агрокәсіпті ұршықша иірген аруға ағайынның айтар алғысы мол. Бизнесін ғана күйттемей, кәсібінен тапқан нәсібін қазақтың ұлттық ойындарын дамытуға жұмсап жүр. Өзі тұратын елді мекенде ұл-қыздарға арнап үйірме ашып, түрлі әлеуметтік жобалардың бел ортасынан табылған Вероника.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Сырт көзге қарапайым кеңсе болып көрінгенімен, іс жүзінде бұл бүтін бір ауылдың тыныс-тіршілігі үйлестірілетін орталық. Дәл осы жерде күн сайын мыңдаған гектар алқаптың жұмыс жоспары түзіліп, жүздеген адамның еңбек кестесі бекітіледі. Бүгінгі кейіпкеріміз – құжаттар мен қайнаған егіс даласын қатар тізгіндеп отырған маман. Оның кеңсесінен басталып, егін алқабына дейін жалғасатын жұмыс күніне бірге куә болайық.
Астанадан небәрі жүз шақырымға шықсаңыз, Астрахан ауданындағы Лозовое ауылы менмұндалайды. Бүгінде бұл мекеннің тыныс-тіршілігі бір адамның есімімен тығыз байланысты. Ол – Вероника. «Ұлтым – беларусь, жүрегім қазақ деп соғады» деген кейіпкеріміздің ауыл шаруашылығы саласына жең түріп кіріскеніне биыл 17 жыл. Тұтас бір ауылды жұмыспен қамтып, ер-азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жанның тағдыры ерек. Негізі ол мүлдем басқа салада еңбек етсем деп армандаған. Бірақ жазмыштың жазуы Верониканы туған жердің төсіне қайта әкелді.
ВЕРОНИКА ГЕНДИК, КӘСІПКЕР:
Мен осы Лозовое топырағында туып-өстім, бабаларымның ізі қалған жер болған соң маған ерекше ыстық. Арманым тергеуші болу еді, бірақ 17 жасымда анамнан айырылуым тағдырымды мүлдем басқа арнаға бұрды. Оқуымды да, жеке армандарымды да жиып қойып, ауылға оралдым. Өйткені мынау егіс даласы – анамның маған қалдырған ең үлкен аманаты. Сол сенімді арқалап, әулет тарихын жалғастыруды парызым санадым.
Анамның аманатына қиянат жасамаймын деген Вероника білек сыбана кірісті. Бүгінде ол тек басқарушы емес, егіс даласының тынысын дөп басатын білікті маман. Сондықтан болар, кәсіпкер ең алдымен еңбек адамының жағдайына басымдық береді. Біз де кейіпкерімізбен бірге егіс алқабына аттандық. Мұндағы техниканың гүрілі мен қарбалас жұмыс Верониканың талабы мен тәртібін айғақтап тұрғандай. Ал оның қарамағындағы жұмысшылар басшыларының жомарттығын ерекше атап өтті.
ИГОРЬ ГУЗДЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Вероникамен бірге жұмыс істегеніме 11 жыл болды. Ол бірінші кезекте біздің жағдайымызды ойлайды. Бұрын ескі тракторлармен аптап ыстықта, кондиционерсіз қиналушы едік. Ол кісі арнайы мамандар алдыртып, бәріне салқындатқыш орнатып берді. Ал биыл 7 жаңа техника алдық. Еңбегімізді де ерекше бағалайды: жақсы жұмыс істегендерді отбасымен шетелге демалысқа жібереді, тіпті көлік сыйға алған әріптестеріміз бар. Оның ауылға, мектепке жасап жатқан жақсылығына алғысымыз шексіз.
Әңгіме барысында Игорь мырза немерелері оқитын мектептің жөнделгеніне, тіпті бір кішкентайы «бес асықтан» чемпион екенін мақтанышпен айтты. «Өскен ортамның құндылығы маған қымбат» деген кәсіпкер ұлттық спорттың бір кісідей жанашыры екен. Басты мақсат – ауыл балаларының бойына бабалар рухын сіңіру. Кәсіпкердің тікелей қолдауымен Лозовоеда ұлттық ойын қайта жанданып, мектеп чемпиондар мекеніне айналды. Бұл аздай, білім ордасының тозығы жеткен шатырын жауып, мәдени және спорт залдарын толық жаңартып берген.
ЕРЖАН СЕЙДАХМЕТОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Ол кісі әсіресе ұлттық спортқа демеуші, жанашыр болып келе жатқан адам. Сол кісінің арқасында осы мектептен бес асық ойынынан 3 бірдей облыс чемпионы шықты. Біздің оқушылар республикалық жарыстарға барып қатысып келді. Енді бес асық ойынынан аудандық жарыстарда біздің мектептің балаларына тең келетін оқушы жоқ.
Верониканың биік белестерді бағындырғанына қарамастан, қарапайым қалпын сақтап қалғанына ауыл ақсақалдары мен байырғы тұрғындар куә. Олар кейіпкеріміздің ана аманатына қалай адал болғанын және Лозовоеға қайта жан бітіргенін мақтанышпен айтады.