Өскемендегі жойқын жарылыстан зардап шеккен екі адам Астанаға санавиация арқылы жеткізіледі. Олар Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы базасында ем қабылдайды. Мұндай шешімді елордадан арнайы барған мамандар қабылдаған. Дәрігерлердің айтуынша, екі науқастың да жағдайы ауыр. Бірінің бел омыртқасы зақымданған. Ал екінші азаматтың денесінің 90 пайызын күйік шалған.
Мамандар ауыр жарақат алған науқасты тасымалдау үшін алдымен жағдайын тұрақтандыру қажет екенін айтады. Бұған кемінде үш күн керек.
Еске салайық, 5 мамыр күні «Казцинк» кәсіпорны аумағында жарылыс болған еді. Оқиға салдарынан екі жұмысшы қаза тауып, бес адам ауруханаға жеткізілді. Кейін медициналық көмектен соң олардың үшеуі үйлеріне жіберілген. Қазір арнайы комиссия апаттың нақты себептерін анықтап жатыр.
Қуат Құдайберген