Мәжілісте педагог мәртебесі туралы заң жобасы қабылданып, Сенатқа жіберілді. Қолданыстағы құжатқа ұстаздар мәселесіне қатысты өзгерістер енгізілмек. Депутат Жанарбек Әшімжан заңдағы түзетулер оның қолдану аясын кеңейтіп, мазмұнын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтереді деді. Мысалы, ұстаздарды әбден титықтатқан қағаз және электрондық форматтағы «цифрлық бюрократияға» тыйым салынады. Ал талантты, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген мұғалімдерге конкурстан тыс грант тағайындау нормасы қарастырылады.
ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Заң жобасының өзегі — педагог мәртебесін нақты қорғау. Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді. Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды.