Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Әскери борышын өтеу мерзімі қысқара ма?

Еліміздің Қарулы күштерінде ауқымды реформа. Алдағы уақытта мерзімді шақырылым сарбаздарының әскерге алыну тәртібі түбегейлі өзгереді. Мұндай ұсыныстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында күн тәртібіне енгізілді. Ұсынылған ережеге сәйкес, өрімдей жас жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеуі екі кезеңге бөлінеді. Сарбаздар алғашқы жарты жыл арнайы оқу орындарында дайындықтарын пысықтайды. Тек осыдан кейін ғана әскери бөлімдерге жіберіледі. Яғни Қарулы күштердің бөліністерінде тек 6 ай ғана уақыт өткізеді. Бірақ жалпы қызмет ету мерзімі өзгеріссіз қалады. Ал негізгі күш сарбаздардың жауынгерлік дайындығына салынады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес.

Әскери реформа тек мерзімді шақырылым сарбаздарына ғана қатысты емес. Алдағы уақытта Қарулы күштер саласындағы әкімшілік басқару жүйесі де түбегейлі өзгереді. Жеке құрамның, қолбасшылардың дайындығына да ерекше мән беріледі. Сондай-ақ заман талабына сай ұшқышсыз күштер құрылады. Әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жауынгерлердің құқығын қорғайтын арнайы уәкіл қызметі құрылады. Әскери кеңесші институтының іргетасын қалау туралы да бастама көтерілді. Бұдан бөлек, әскердегі әлімжеттікпен күресу үшін кешенді шаралар қолға алынады.

← Барлық жаңалықтар