Кәрілік келмей жатып, қорындағы қаржыны кәдеге жаратқысы келетіндер үшін маңызды жаңалық! Жақында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы» ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алу талабы айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәлімдеуінше, оның тиісті бөлігін алуға толықтай тыйым салынбайды. Алайда жеткіліктілік шегі 79 пайызға дейін өсуі ықтимал. Асқарбек Ертаевтың сөзіне сүйенсек, жаңа талаптар жас ерекшелігіне қарай екі топқа, яғни 23 пен 35 жас және 35 пен 63 жас аралығына жеке-жеке есептелмек. Қазір бұл формуланы министрлік зейнетақы қорымен бірге әзірлеп жатыр. Нақты шешім осы айдың соңына дейін жарияланады. Мұндағы мақсат – қордан ақша алуды барынша азайту. Өйткені соңғы 5 жылда қазақстандықтар жүйеден 5 триллион 700 миллиард теңге шығарып алған. Министр бұл қаржының басым бөлігі несиелерді жабуға жұмсалғанын ашық айтты.