Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Ломбардтағы көлеңкелі ойындар

1Ақшадан қысылған ағайын көбіне ломбардқа алқынып жететіні жасырын емес. Алтын бұйымды кепілге қойып, қаражат алғанымен, оның несие тарихына қалай әсер ететінін бәрі бірдей біле бермейді. Оның үстіне, нарықта заңды жұмыс істейтін ұйымдармен қатар, талаптарды айналып өтіп, заңсыз пайда табатындар да бар. Тіпті кейбір ломбардтардың қарызды белгіленген мөлшерден бірнеше есе жоғары үстемемен бергені анықталған. Алты жылда еліміздегі лицензияланған ломбардтардың саны шамамен алты есе қысқарғанымен, бұл саладағы мәселелер әлі де аз емес. Ендеше, ломбард қызметін пайдалану кезінде нені ескеру керек және нарықтағы бақылау тетіктері қаншалықты тиімді?

Қаржылық қиындық қысқанда көпшіліктің алдымен бас сұғатын жері – ломбард. Құжат жинап әуре болмайсың, бағалы бұйымды кепілге тастайсың да, санаулы минутта ақшаны аласың. Бірақ осы «жылдам» алынатын қаражаттың соңы үлкен проблемаға ұласатынын екінің бірі біле бермейді. Ломбардқа бір рет кіріп шыққаныңыз несие тарихыңызда өшпес із қалдыруы мүмкін.

ГҮЛЗИРА АСҚАРҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көбінесе ломбардқа өткізген адамдар ломбардтан міне алдым, болды, менің историям таза деп ойлайды. Олай емес, ол қате ұғым.

Гүлзира Асқарқызы да кепілхана қызметіне бір-ақ рет жүгінген. Шұғыл қаражат қажет болып, алтынын өткізеді. Келісілген мерзімнен бұрын қарызын толық жапқанымен, кейін ипотека рәсімдеу кезінде күтпеген кедергіге тап болған. Ломбардтан қалған «қара таңба» оның несие алу мүмкіндігін бұғаттап тастапты.

ГҮЛЗИРА АСҚАРҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Барып, өткізіп, алтынымды, 10 күнге өткізіп, кредитный историямды тексерсем, менде отрицательный история болып шығып тұр. Хотя мен ол ломбардқа ешқандай просрочка жасаған жоқпын. Ең бастысы тапсырдым. 3 күннен кейін айлығымыз түсті де сатып алдым алтынымды. Сатып алғаннан кейін 2-3 айдай менде отрицательный история ілініп тұрды.

Мәселенің төркіні нарықтағы көлеңкелі ойыншылардың көптігінде. Бүгінде мемлекеттік лицензиясы бар заңды ұйымдармен қатар, ешқайда тіркелмеген астыртын ломбардтар да жұмыс істеп тұр. Оларға кепілге зат қалдырған адамның қаржылық рейтингі бірден құлдырайды.

ПЕРИЗАТ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ҚАРЖЫГЕР:

Егер біз ешқандай рұқсаты жоқ ломбардқа бұйым тапсыратын болсақ, ешқашан да кредит, ипотека рассрочка ала алмаймыз. Бірден кредитный историяда балансқа кетіп қалады. Яғни, сізге ешқашан да кредит берілмейді. Сондықтан да рұқсат өте қатты қажет, мемлекеттік рұқсат.

Дегенмен мемлекеттік рұқсаты бар ломбардқа бардым екен деп, бейқам отыруға тағы болмайды. Заңды кепілхананың өзінде тұтынушылар жиі жіберетін бір қателік бар. Ол «алтынымды алмай-ақ қояйыншы, сол күйі қала берсін» деген немқұрайлылық.

ПЕРИЗАТ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ҚАРЖЫГЕР:

Сіз егер де ломбардқа барып, бұйымды тапсырып, ақша алғаннан кейін қайтадан бұйымыңызды алмайтын болсаңыз, онда сіздің тарихыңызға әсер етеді. Себебі просрочка жүреді. Ал егер де сіз уақыты жақындаған кезде, жоқ, мен мына алтынды алмаймын, сізге сатып кетемін деп өткізіп кететін болсаңыз, сөйтіп жабылды деп анықтама алатын болсаңыз, онда болады.

Яғни, қарызды жабу немесе бұйымды ломбардқа біржолата сату процесін құжат жүзінде рәсімдемесеңіз, қарызыңызға күн сайын өсімпұл жүре береді, ал ол базада тікелей «мерзімі кешіктірілген несие» болып тіркеледі. Мұндай келеңсіздікке ұрынбас үшін кез келген ұйымның лицензиясын алдын ала тексеріп алған абзал. Оны қалай көруге болады?

ӘМІР АРЫҚБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Микрокредиттерді рәсімдемес бұрын микроқаржы ұйымының лицензиясын қалай тексеруге болады? Микрокредит алмас бұрын микроқаржы ұйымының лицензиясы бар екеніне көз жеткізу қажет. Лицензияланған микроқаржылық ұйымдар туралы ақпарат агенттіктің сайтында қолжетімді. Микроқаржылық ұйымдармен келіспеушіліктер туындаған кезде қарыз алушы микроқаржы омбудсманына жүгіне алады. Қарыз алушылар үшін микроқаржы омбудсманының қызметі тегін.

ПЕРИЗАТ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ҚАРЖЫГЕР:

Ешкім арыз түсірмейді. Біздің халық сондай қарапайым ғой. Арыз түсірмейді. Тек қана алтын бұйымын өткізбейді тағы кетіп қалады. Ондай өтініштер өте аз.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Елімізде лицензиясы бар 474 ломбард жұмыс істеп тұр. 2020 жылы тіркеуде 3 мыңдайы болыпты. 6 жылда қатары шамамен 6 есе азайған. Бұл саладағы қызу бәсекелестіктің анық көрсеткіші дейді сарапшылар.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында ломбардтардың таза табысы 36,9 млрд теңгені құраған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 пайызға өсіпті. Бір қызығы, бұл табыстың жартысынан астамы тек 3 ломбард желісіне тиесілі.

Жарты жылдағы 36 миллиард теңгеден астам таза табыс нарықтағы айналымның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Ал ақша көп жерде заңсыздық та жоқ емес. Тіпті лицензиясынан айырылса да, халықты ашық тонауға көшкендер кездеседі. Мәселен, жуырда Қаржылық мониторинг агенттігі қарыз үстемесін заңмен бекітілген 0,3 пайыздың орнына, күніне 2 пайызбен есептеп келген ірі ломбард желісін әшкереледі.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қылмыстық жолмен түскен табыс 146 млн теңгеден асқан. Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот рұқсатымен оның мүлкіне, атап айтқанда 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақ үйіне тыйым салынды.

Бүгінде ломбард ашудың шарттары тым жеңіл. Құрылтайшының шотында 70 миллион теңге жарғылық капиталы болса және басқарушылары біліктілік талаптарына сай келсе жеткілікті. Алайда нарыққа кірудің бұл оңайлығы сапаға ғана емес, тұтынушылардың құқығына да кері әсер етіп жатыр. Бұған салалық бірлестік те алаңдаулы.

РОБЕРТ АБЗАЛИЛОВ, «ҚАЗАҚСТАН ЛОМБАРДТАРЫ ҰЛТТЫҚ ЛИГАСЫ» БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Клиенттеріміздің көтеретін негізгі мәселесі өте орынды. Керексіз бұйымдарын тапсырып, ақшасын алғандар кейін мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін несиелерге қол жеткізе алмай жатады. Бұдан ломбард ештеңе ұтпайды. Реттеуші орган осы бағытта шаралар қабылданатынын айтқан еді. Әзірге тиісті нормативтік құжаттың қабылдануын күтіп отырмыз. Сонымен қатар ломбард клиенттеріне мәтіннің мейілінше қарапайым әрі қысқа-нұсқа болғаны ыңғайлы. Осы тұсы да ескерілсе екен дейміз.

Яғни, клиент пен ломбард арасындағы түсініспеушілік қарыз алу шарттарының күрделілігінен де туындайды. Одан бөлек, қазір ломбардтар мен микроқаржы ұйымдары ортақ бір нормативтік құжат аясында жұмыс істейді. Бірақ екеуінің бизнес-процесі мен құрылымы екі бөлек болғандықтан, бірыңғай талаптар көбіне тығырыққа тірейді.

РОБЕРТ АБЗАЛИЛОВ, «ҚАЗАҚСТАН ЛОМБАРДТАРЫ ҰЛТТЫҚ ЛИГАСЫ» БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз жұмысымызды реттейтін өз алдына бөлек заңымыздың болғанын қалаймыз. Қазірде ломбардтар микроқаржы ұйымдары, несие серіктестіктерімен бірге бір нормативтік құжат аясында қызмет атқарып келеді. Алайда олардың құрылымдық жағынан, бизнес-процестері тұрғысынан өзгешеліктері бар. Микроқаржы ұйымдарына қатысты қабылданатын шараларды кей жағдайда ломбардтарға қолдануға келмейді. Қарыз алушы міндеттемесін орындамаса, салдары да бірдей болмауы керек. Тиісті заң қабылданса, реттеуші органға да, нарыққа да тиімді болады деп санаймын.

Қысқасы, қазіргі жүйе тұтынушыға да, заңды жұмыс істейтін ломбардтарға да тиімсіз болып тұр. Көлеңкелі нарықты құрықтап, халықтың несие тарихын негізсіз бұзылудан сақтау үшін саланы жеке дара реттейтін нақты заң керек. Ал әзірге кепілханаға кіріп-шыққанда құжатты мұқият оқып, әр қадамыңызды заңдастырып отырғаныңыз өзіңізге жақсы.

← Барлық жаңалықтар