Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Бұқараны ойландырған бес санат

Көлігі мен үйі бар, кәсібі мен күйі барлар енді мемлекеттік көмектен қағыла ма? Елімізде әлеуметтік жәрдемақының жайы жұрттың ойын сан-саққа жүгіртіп қойды. Үкімет жағдайы жақсыларға төлемді тоқтатып, 700 миллиард теңге үнемдемек. А, В, С, Д, Е деп аталған бес санатты бұқараға тәптіштеп түсіндіруді жөн көрдік.

Елімізде әлеуметтік жәрдемақыны алу тәртібіне өзгерістер енгізілгенін білесіздер. Жаңа ереже бойынша енді төлем тағайындалғанда халықтың әл-ауқаты таразыға салынады. Яғни, тұрмысы тәуір азаматтар мемлекеттік төлемнен қол үзеді. Осылайша Үкімет жыл сайын 700 млрд теңге үнемдемек. Ал шын мұқтаж жандарға қолдау толық көлемде беріледі.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Біз жәрдемақыларды формалды тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшіп жатырмыз. Отбасының мүліктік және әлеуметтік жағдайы бағаланатын болады. Бірде-бір қазақстандық қолдаусыз қалмайды. Ол әлеуметтік саясаттың басты қағидаты.

Жауапты министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақының 36 түрі бар. Соның 14-і бойынша әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты өзгерістер қарастырылған. Осыған сәйкес, ел азаматтарының мұқтаждық деңгейін бағалау 5 санатқа бөлінеді.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Атап айтқанда, ең жоғарғы А санаты – елдегі ең ауқатты отбасылар. Олардың бір адамға шаққандағы айлық кірісі 356 мың теңгеден жоғары, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі, жылжымайтын мүлкі және люкс санатындағы автокөліктері бар жанұялар. Ал В санаты – орташа деңгейден едәуір жоғары табысы бар отбасылар. Бұл аталған категорияларға мұқтаждық қағидаты бойынша 14 жәрдемақы берілмейді.

Аталған жоба жарияланғалы бері мемлекетке салмақ салмауды ұйғарғандар бар. Санаулы күнде 200-ден астам қазақстандық әлеуметтік төлемнен ерікті түрде бас тартыпты. Солардың бірі – Құрылтай депутаты Олжас Құспеков. Кәсіпкер болған халық қалаулысы жағдайы жетіп тұрған азаматтардың жәрдемақысы нақты мұқтаждардың төлеміне қосылса дейді.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қаражаты жеткілікті азаматтардың бұл жәрдемақыдан бас тартуы дұрыс деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттің тарапынан әлеуметтік көмек қиын жағдайдағы шын мұқтаж азаматтарға берілсе, дұрыс бағыт болады. Мүмкіндігі бар азаматтар өзін қамтуға көшуі керек.

Дегенмен бұл А және В санатындағылар мүлдем мемлекет назарынан тыс қалады дегенді білдірмейді.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан, жекелеген әлеуметтік кепілдіктер сақталады. Олардың қатарында мүгедектігі бар балаларға, тұл жетімдерге, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы алатын көпбалалы аналарды наградтауға арналған жәрдемақылар бар. Отбасы А немесе В санатына жатса да, бұл төлемдер сақталады.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Ал ешбір қолдаудан қағылмайтындар санатына С категориясына жататындар, яғни орта класс кіреді. Д санаты – экономикалық осал деңгей, табысы болғанымен кез келген күтпеген шығын жағдайын қиындатуы мүмкін жанұялар. Ал Е санаты – аса мұқтаж, ең осал категория. Бұл тізімге қарт адамдар, мүгедектігі барлар, асыраушысынан айырылғандар ілінеді.

Отбасыңыздың нақты қай топқа жататындығын білу үшін арнайы калькулятордың көмегіне жүгіну қажет. Ол үшін «eGov Mobile» қосымшасына кіріп, бастапқы беттегі «Әл-ауқатты бағалау калькуляторын» таңдасаңыз жеткілікті.

БАҚТИЯР ЖАЗЫҚБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

eGov Mobile-да оңтайлы бөлім бар. Азаматтардың жеке кабинеті. Қайда тіркелдіңіз, қайда қызмет етесіз, қандай мүлкіңіз бар. Осы ақпараттарға негізделе отырып, қажетті мәліметті дәйекті ұсынса жеткілікті. Компьютер бәрін өзі есептеп береді.

Бес баланың анасы Меруерт Абдыханова бүгінде екі бірдей жәрдемақы алып отыр. Оның бірі – бала күтіміне байланысты, екіншісі – көпбалалы аналарға берілетін қаржылай көмек. Перзенттерінің алды студент, кенжесі 10 айлық. Отағасы әскери қызметкер болған, қазір зейнет жасында. Келіншек өзінің санатын анықтау үшін Егов қосымшасына кіріп, жеке деректерін енгізіп көрді.

Міне, мен Еговқа кірдім… Бәрін дұрыс көрсетіп тұр. Д санатына көрсетіп тұр.

МЕРУЕРТ АБДЫХАНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Тез қарап қойдым жаңа, өте ыңғайлы екен. Қай санатқа жататынымды ойлап, уайымда жүр едім. Тез арада қарай қойып, көңілім орнына түсті. Дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені әр санаттың адамдары, мысалы, А, В санаты, олар қажет етпейтін семьяларда да бар. Енді бай тұратындар бар ғой.

Әлеуметтік көмектің әділ бөлінуі «Отбасының цифрлық картасы» арқылы бағаланады. Оған 20 миллионнан астам адам туралы мәлімет жинақталған және отбасы жағдайына қарай санаттар тұрақты түрде өзгеріп отырады.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Цифрлық картада жаңартулар күн сайын болып тұрады. Үй шаруашылығының санаты ай сайын өзгеріп отырады. Мысалы, егер қазан айында В санатында болса және белгілі бір әлеуметтік тәуекелдерге байланысты кейбір активтер нашарласа, ол келесі айда автоматты түрде С санатына дейін төмендетілуі мүмкін.

Осы тұста экономистер төлемдерді халықтың әлеуметтік жағдайына қарай бөлу масылдық психологиясын жойып, бюджет шығынын азайтуға мүмкіндік береді дейді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Категорияға бөлудің негізгі мақсаты – жалпы қоғамның негізгі нақты мұқтаж адамдарының бет-бейнесін ашу. Шынында да масылдық психологиясымен жұмыс жасағаннан гөрі, жаңағы 5–6 баласына төленетін төлемдерімен өмір сүріп жатқан азаматтар да бар. Жұмыс жасайтын болса, ресми түрде табыс табатын болса, төлемдерден айырылып қалам деп қорқатындар бар.

Ал әлеуметтанушылар мұндай тәжірибе шетелде бар екенін алға тартады. Мемлекеттік жоба ашық жүргізілсе, ел азаматтарының сенімі де арта түспек.

АЙДАР ХАМИТ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Халықтың сенімділігін алу үшін барлығы ашық болуы керек. Ақпараттық жұмыс тиісті түрде жүргізілуі керек. Қоғамдағы пікір, адамдардың да ойлау жүйесі, шынымен де мен неге мемлекеттен артық ақша алам, менен де мұқтаж азаматтар бар ғой, солар алсын деп өзі де еркін бас тартуы керек.

Айта кетейік, калькулятордың нәтижесі тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни, ол төлемдерді тағайындау немесе тоқтату туралы шешім шығармайды. Тек әркім алдын ала өздерінің қай санатқа жататынын анықтай алады. Егер де отбасының статусы өзгеріп, бірақ оны портал көрсетпей тұрса, азаматтар Әлеуметтік қорғау комитетіне тікелей өтініш бере алады. Жаңа заң жобасы келер жылдан бастап күшіне енеді.

← Барлық жаңалықтар